Shakarim University Абай облысының Экология департаменті және «Полигон 21» қоғамдық бірлестігімен бірге Ecological Brainstorming, яғни экологиялық ой-дода өткізді.
«ЖасStar» коворкинг орталығында өткен іс-шараны университет ректоры Думан Орынбеков ашып, қатысушы жас ғалымдарға сәттілік тіледі. Экологиялық іс-шара барысында өңірдің дамуына және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Командалық негізде өткен Ecological Brainstorming-те ауыл шаруашылығын дамыту, облысымыздағы орман алқаптарын сақтау және қалпына келтіру, бұрынғы ядролық сынақ полигонының халық денсаулығына әсерін төмендету, Ертіс өзенінің экологиясы сынды бірқатар тақырыптар қозғалып, қоршаған ортаға зиянын тигізетін жағдайлардың алдын алу, олармен күресудің тиімді жолдары, өңіріміздің өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік секторларға жаңа экологиялық таза технологияларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.
Ecological Brainstorming-ке Абай облысының Экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Әсел Болатбекова және «Полигон 21» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Майра Әбенова қатысып, экология сияқты елдік мәселе төңірегінде өз идеяларын ортаға салған Шәкәрім университетінің жас ғалымдарының командалық жұмысына оң бағаларын берді.