Аграрлық сектор мен қайта өндеу өнеркәсібі Абай облысының экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Алайда, назар аударуды және бірлесіп шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Осы ретте, бүгін Шәкәрім университеті Абай өңіріндегі агроөнеркәсіп кешеніндегі мәселелерді айқындауға арналған пікірталас алаңын ұйымдастыру мақсатында «Investment meeting» еркін форматта кездесу өткізді. Іс шарада университет ғалымдарының арнайы көрмесі ұйымдастырылды.
Кездесуге Абай облысы және Семей қаласының әкімдігінің өкілдері, ауыл шаруашылығы ұйымдары мен қайта өңдеу өнеркәсібінің өкілдері және университет ғалымдары қатысты. Жиын Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы - Ректор Думан Орынбековтың алғы сөзімен басталды.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы мен аграрлық ғылымды дамытуға, сондай-ақ әрбір өңірде инновациялық экожүйе құруға аса басымдық берді. Осы мақсатта Шәкәрім университетінде бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Бүгінгі таңда біздің университетімізде ғылыми әлеует жеткілікті деп айтуға болады. Сол себепті бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – аграрлық сектордағы ғылымды қажетсінетін өзекті мәселелерді ортақ талқыға салып, ғылым мен бизнесті ұштастыру арқылы шешу жолдарын қарастыру. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасын табатын болады, - деді Думан Рымғалиұлы.
Жиында Шәкәрім университетінің Басқарма мүшесі – ғылым және инновация жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы оқу орнының ғылыми-зерттеу қызметімен таныстырды. Бұдан бөлек, ғалымдар өңірдің ауыл шаруашылығы мамандарымен келіссөздер жүргізу барысында Абай облысындағы ауыл шаруашылығына қатысты күрделі мәселелерді анықтады. Атап айтқанда, импорттық жемнің сатып алу бағасының жоғарылығы, жануарлардың жұқпалы ауруларын жұқтыру мәселелері бойынша тұрғындардың сауаттылығының төмендігі, жоғары мамандырылған кадрлардың жетіспеушілігі, сондай-ақ бройлер құстарға инкубациялық жұмыртқаларды жетілдіру және т.б. күрделі проблемалар айтылды.
Өз кезегінде «Абай облысының ветеринария басқармасы» басшысы Ержан Барышев шет мемлекеттерден келген аурулардың аз зерттелуiне байланысты, ауруды алдын алу, емдеу, олардың таралу жолдарын зерттеу бойынша ғылыми тұрғыдан зерттеулер жургiзiлуi керек екенін айтты. Сонымен қатар, осы және басқа да өзекті мәселелерді орындау мақсатында Шәкәрім университетімен әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.
Басқосуда ара шаруашылығы, аграрлық сектордағы механикаландыру, тері мен жүнді қайта өңдеу, малдарда бруцеллез ауруын жедел анықтайтын тестті жетілдіру және бүгінгі жастарды ауыл шаруашылығы мамандықтарына тарту сынды мәселелер көтеріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Бүгінде білім ордасы өңірдің инновациялық дамуында ғылымның нақты сектормен байланысын қалыптастыратын экожүйе құруды жоспарға алды. Осы тұста университет ғалымдары Абай өңірінің аграрлық саладағы мамандардың басты мәселелерін айқындауда. Көтерілген күрмеуі күрделі мәселелер назарға алынып, алдағы уақытта шешу жолдарын қарау үлкен жұмыс.