Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 сәуір 2024делегация, ынтымақтастық, білім беру

SHAKARIM UNIVERSITY ДЕЛЕГАЦИЯСЫ МОҢҒОЛИЯ ЕЛІНДЕ: КӘСІПТІК БАҒДАР КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЮДЕ

Shakarim University өзінің халықаралық байланыстары мен бастамаларын белсенді дамытуда. Бұл жолы университет делегациясы жергілікті студенттер мен талапкерлер арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында Моңғолия еліне барып қайтты.
Басты мақсат - Баян-Өлгий аймағының мектебін бітіруші 12-сынып оқушыларына ҚР ЖОО-ғы дайындық бөлімі туралы этникалық ұлты қазақ азаматтарын оқытуға арналған квота туралы және шетелдік пзаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама бойынша түсініктеме жұмыстарын жүргізу, мемлекет тарапынан ұсынылатын гранттың түрлері, грант конкурсына қатысу тәртібі, Шәкәрім университетінің білім беру бағдарламалары туралы ақпараттармен жақын таныстыру.
Тарихы мен мәдениетіне бай Моңғолия мемлекеті Shakarim University үшін маңызды білім беру серіктесі болып табылады. Сапар аясында әріптестеріміз университет ұсынатын білім беру бағдарламалары, ерекшеліктері, берілетін мүмкіндіктермен таныстырды. Баян-Өлгий аймағына барған іс-сапардың нәтижесінде 10-нан астам мектеп қамтылып, 100-ге жуық білім алушы Шәкәрім университетінде білім алуға дайын екендерін көрсетті. Бұл туралы әріптесіміз - аға оқытушы, экономика ғылымдарының кандидаты Биболат Қуантқан мәлімдеді.
- Кездесу барысында анықталғаны, оқушылардың басым бөлігі Алматы, Астана қалаларындағы ұлттық және мемлекеттік оқу орындарын таңдаған. Жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының барысында біздер қазіргі кездегі ҚР жоғары білім саласындағы тенденцияларды түсіндіре келе, өңірлік жоғары оқу орындарында оқудың ұтымды тұстарына назар аудартып, көптеген оқушылардың көзқарастары мен түсініктерін өзгертуге тырыстық,- дейді Б. Қуантқан.
Сапар барысында делегация өкілдері Моңғолия мемлекеттік Білім университетінің мектепке дейінгі оқыту, бастауышта оқыту педагогикасы, музыка мамандықтарында оқитын студенттермен кездесті. Аталған білім ордасы Shakarim University қос дипломды білім беру бағдарламасын ашуға ниетті екендіктерін білдіріп, университет магистранттары академиялық ұтқырлық аясында Абай еліне баруға дайын екендіктерін айтты.
Бұдан бөлек, кәсіптік бағдар берушілер Баян-Өлгий қазақ радиосында болып, арнайы сұхбат берді және Ғылым, білім басқармасының өкілдерімен, мектеп мұғалімдері мен ата-аналармен кездесті. Shakarim University делегациясы оң әсермен оралып, Моңғолиямен білім саласындағы ынтымақтастықтың табысты дамитынына сенімді. Бұл сапар болашақ ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты және халықаралық білім мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын көрсетті.