Семей – тарихы мен мәдениеті астасқан ұлы даланың ұлағатты өлкесі. Тегеурінді тектілердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті мекенде мен де ұлтқа қызмет етудің алғашқы қадамдарын жасаудамын.
Тіл тағдыры мен ұлт тағдыры біртұтас болғандықтан, қазіргі таңдағы кезек күттірмес мәселеге айналған қазақ тілінің мәртебесінің төмендеуі ұлт болашағына залал келтірері сөзсіз. Түйткілді мәселенің түйінін шешуге өзіндік үлесімді қосу мақсатында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алудамын.Тілдің ахуалын жақсарту мақсатында ойға алған мақсаттарым да аз емес. Қарапайым мысал, қазақ тіліне керекті материал өте аз болғандықтан, ізденіс үстіндегі адамдардың көпшілігі ақпараттарды көбіне орыс тілінде немесе ағылшын тілінде алады. Осы жағдайды ескеріп, интернет желісіне мүмкіндігінше қазақ тіліне қызықты, керекті, өзекті тақырыптар бойынша ақпараттарды көптеп ұсынғым келеді.
Әлемді өзгертуді өзіңнен баста дегендей, әрбір жас буын қазақ тіліне ден қойып, әдебиетімен сусындап өссе, бұл өзекті мәселенің де шешімі табылары анық.
Киелі ортам Шәкәрім университеті осы мақсаттарыма жету жолындағы ең дұрыс таңдауым.Балалығы басылмаған, аңғал қызда таңсық ортаға түскеде қорқыныш, уайым көп еді. Бірақ, Шәкәрім университеті жастардың дамуына, дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөлетінін байқадым.Студенттердің өз болмысын дұрыс қалыптастырып, өздерін әр түрлі қырынан дамыту мақсатында түрлі студенттік ұйымдар құрылған. Адамның дұрыс қалыптасуына әсер етуші орта екенін ескеріп, маған да дамушы орта керек екенін түсіндім.Ойлана келе, түрлі ұйымдардың арасынан «Қаракөз» студент-жастар театрының құрамына кірдім.Әр түрлі саланың адамдары өнер атты киелі ұғымның шашбауын көтеріп, өнер мен өнеге, мәдениетті көпшілікке насихаттап жүрген ардақты жандарды көріп,менің де өнерге деген махаббатым ашылды.Театр құрамындағы әрбір жан мен үшін жат қалада жақыныма айналған ерекше жандарға айналды. «Бауырмалдық, бірлік ұғымдарының шынайы көрінісі – Қаракөз»
Жыл соңында Шәкәрім университеті еліміздің жастар саясатының дамуына, білім ордасының өркендеп өсуіне,қоғамдық өміріне белсене араласқан үздік 100 студентін салтанатты түрде марапаттады. Үздік 100 студенттің қатарынан табылып, ата-анамды қуанту бақыты маған да бұйырыпты. Бір жыл көлеміндегі ізденістің,еңбектің нәтижесі осылай аяқталды. Шәкәрім мүмкіндіктер мекені. Міне, сондықтан да Шәкәрім шаңырағы менің ең дұрыс таңдауым.
PS Shakarim University. Шәкәрім университеті студенттерінің ой-толғауларын жариялау сериясы жалғасуда! Әрбір жарияланған материалда студенттеріміздің терең, аналитикалық, жаңашыл ойлары бізді таң қалдырады.
Біз сіздердің әрбіріңізбен мақтанамыз!