Құрметті әріптестер, құрметті студенттер қауымы!
Сіздерді халқымыздың рухын көтеріп, ынтымағымызды арттыратын, мемлекеттілікті дәріптейтін ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. Олай дейтініміз, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын бастады.
Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ол күнге біз тек 1991 жылы ғана қол жеткіздік. Бұл күн мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланған болатын. Алайда Республика күні түрлі себептерге баланысты мерекелік күнтізбеден түсіп қалды.
2022 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев «Мен Республика күніне «ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек»- деген еді. Осылайша, еліміздегі жалғыз ұлттық мейрам қайта жаңғырған болатын.
Бұл күн еркіндік пен тәуелсіздік құндылықтарын қастерлеуді, сонымен қатар, бізге еліміздің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктелетінін де еске салады.
Құрметті профессорлар мен оқытушылар, сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз, қадірлі студенттер, сіздердің білімге деген ұмтылыстарыңыз бұл ретте үлкен рөл атқарады! Тәуелсіз мемлекеттің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ, ал бұл ұрпақ сөзсіз сіздердің біліктіліктеріңіздің, кәсібиліктеріңіздің нәтижесі. Осы ұлы мерекеде сіздердің отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, елге бейбітшілік, халқымызға бірлік тілеймін.
Еліміздің мерейін асқақтатқан ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков