Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 сәуір 2023встреча, студенты, успешные люди, мотивация

ТАБЫСТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ДӘРІСІ: БАУЫРЖАН РАХАДИЛОВ

Бүгін "Табысты тұлғалардың дәрісі" жобасы аясында жас өнертапқыш ғалым, ғылым мен техниканың дамуына ерекше үлес қосқан дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері, PhD, қауым.профессор Бауыржан Рахадилов студенттермен кездесті . Кездесуде өңірлік ЖОО жағдайына ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді стратегиясы жайлы сөз қозғады.
2009 жылы Бауыржан Рахадилов Шәкәрім университетін «Физика» мамандығы бойынша физика бакалавры біліктілігімен үздік бітірді. Бауыржан Қорабайұлы Люблин техникалық университетінде (Польша, 2009 ж.), Вроцлав технологиялық университетінде (Польша, 2012 ж.) және Отто фон Гуерике атындағы материалтану және байланыстырушы технологиялар институтында (Германия, 2013) ғылыми тағылымдамадан өтті. 2014 жылдың 31 қазанында "Техникалық физика" мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алып, докторлық диссертациясын сәтті қорғайды.
Ол – материалтану және конденсацияланған заттар физикасы саласындағы жоғары білікті жас ғалым. «Жоғары жылдамдықты болаттарды электролиттік-плазмалық азоттау» монографиясы, 3 оқу құралы және 100-ден астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде Thomson Reuters және Scopus деректер базасына енгізілген шетелдік басылымдарда 20 мақаласы, 15 авторлық куәлігі бар. Ғылыми жұмыстарының нәтижелері Қазақстанда және шетелде өткен 30 халықаралық және республикалық конференцияларда, семинарлар мен форумдарда баяндалып, I және II дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Дәрісте жас ғалым өткен жылы Shakarim University мен "Plasma Science" ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғандығын, ынтымақтастық алғашқы жемісі - "Материалдардың бетін түрлендіру" ҒО құрылуы екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ студенттерге университеттердегі ғылымды дамыту жолдары, өнертабыстары мен ғылыми еңбектері де айтылды. Дәріс соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.