Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Табысты тұлғаның Shakarim University-дегі дәрісі» айдары аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым, жерлесіміз Ерлан Ерназарұлы Сайлаубай “Тарих”, “Тарих-география” ББ білім алушыларына “Алаш партиясы һәм Алашорда тарихы: жаңашыл ізденістер мен ғылыми тұжырымдар» және «Қазақстандағы земстволық қозғалыстың жандануы мен Алашорданың белсенді қызметі» (1918 ж.) тақырыптарында екі күн дәріс оқыды.
Университет ректоры Думан Орынбеков құрметті қонақты таныстырып, осы іргелі шаңырақта білім алып, түрлі лауазымда қызмет атқарған ғалымның жетістіктеріне тоқталды.
Өз дәрісінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы және қазақ жеріндегі демократиялық үдерістерге (1917 ж.), Алашорда үкіметінің құрылу тарихына кеңінен тоқталған Ерлан Ерназарұлы 1917 жылғы саяси өзгерістердің қазақ қоғамындағы демократиялық үдерістерді жеделдетуге әсері, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлт тағдырын шешуге бағытталған күресі, атқарған толағай істері жайлы баяндады.
Сонымен қатар, ғалым дәріс барысында жастарға білім мен ғылымға ұмтылудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, олардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жайлы ой қозғады, рухани, ұлттық құндылықтарды сақтауға және адамгершілік қасиеттерді әрдайым биік қоюға шақырды. Білім мен ғылымның тек жеке тұлғаға емес, тұтас ұлттың өркендеуіне негіз болатынын, әрбір жас буынның дұрыс бағыт-бағдармен өмір сүруі ел болашағы үшін маңызды екенін, Алаш зиялыларының рухани мұрасын зерделеп, мәнін зерттеу, насихаттау қажеттігін ерекше атап өтті.
Бүгінгі дәрісі Алаш автономиясының құрылған күніне сәйкес келген Ерлан Сайлаубай ҚР Парламенті Сенатының басшылығымен жарыққа шыққан, өзі жауапты хатшысы болған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934 г.г.» кітабының он томдығын университет кітапханасына тарту етті.
Ғалымның еліміздің ғылым саласына, оқу орнының дамуына қосқан еңбегі бағаланып, «Шәкәрім» медалімен марапатталды.