Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 мамыр 2023профессор-оқытушылар құрамы, 9 мамыр, мерекелік жиын

ЕҢСЕЛІ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ

Кеш те болса, еш емес... Шәкәрім шаңырағында «Еңселі елдің ұрпағы» атты салтанатты жиын өтті.
Сахна шымылдығын соғыс кезіндегі жылдар желісі бейнеленген қойылым ашып, көрермен назарына сұрапыл жылдардың көрінісі ұсынылды. Іс-шараны білім ордасының ер азаматтар қауымы тамашалады. Мерекелік кешке арнайы келген зиялы қауым өкілдері университет азаматтарын айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
Абай облысында бүгінгі күні 12 ҰОС ардагері қалды. Өкінішке қарай, олар жылдан-жылға азайып келеді. Ұлы Отан соғысына 1 млн. 500 мың қазақстандық қатысқан болатын, олардың тек жартысы ғана аман оралған еді.
– Сұрапыл соғыс жылдарында Шәкәрім университетінің түлектері мен қызметкерлері де қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Жоғары оқу орнының 60-қа жуық басшылары, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалған біртуар батырлар. Қара шаңырағымызда ұзақ уақыт қажырлы еңбек етіп, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен көзі тірі 6 еңбек ардагеріміз қалды. Біз бүгінгі саналы ұрпақ жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухын желбіреткен, қан майданның ортасында жүрген батырлардың соңғы куәгеріміз. Себебі, кешегі майданда жүрген ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің жасы 90-нан асты. Өскелең ұрпаққа олардың ерен еңбектерін, зұлмат жылдардың тарихи маңызын түсіндіріп, жеткізу – біздің басты міндетіміз,- деді университет басшысы Бауыржан Ердембеков.
Мерекелік шара барысында Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Төлеубек Демежанов, Ақпараттық технологиялар орталығының бас инженері Тұрсын Мадиев, Дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы Борис Прохоров, Психология және педагогика кафедрасының оқытушысы Ильдус Фазылбеков «Шәкәрім атындағы медалімен» марапатталды. Салтанатты шара патриоттық рухтағы әндермен әрмен қарай жалғасын тапты.
«Сұлу models» университеттің жас оқытушылары сән үлгісін көрсетіп, мың бұрала сахнаның мәнін кіргізді. Бұл жолғы шара бұрыңғыдан өзгерек. Себебі, поэзия шеруі, «Келінжан» көрінісі, ұстаз арулар арасында жайдарман қойылымдары қойылды. Одан қала берді хит әндерден попурри шырқалды, жас ұстаздар заманауи биімен көпті таң қалдырды. Кеш соңы "Егемен Қазақстан" әнімен өз мәресіне жетті. Шәкәрім аруларының ұйымдастыруымен өткен мерекелік концерт әдеттегідей жанды дауыста, жоғары кәсіби деңгейде өтті. Кеш қонақтары мерекелік шараны жоғары бағалап, жақсы әсер алды.