Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 қараша 2022ғылым, студенттер, марапаттау рәсімі

ЖАС ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Шәкәрім университетінде "БОЛАШАҚҚА ОРАЛУ" ғылыми-театрлық бейне-байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Басқарма мүшесі - ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Жанар Қалибекқызы білім ордасының ғылымға жастарды тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті.
"Университетте студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарына барлық жағдайлар жасалады: зертханалық база, түрлі конкурстар өткізіледі. Ағымдағы оқу жылында оқу орнында түрлі бағыттар бойынша 28 ғылыми үйірме жұмыс істейді. Жыл сайын стартап-жобалар конкурсы ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта білім алушылар 5 стартапты іске асыруда. Бүгінгі таңда 2023 жылға жобаларды орындауға конкурс жарияланды. Сондай – ақ жыл сайын Ғылым апталығы, Shakarim forum, "Shakarim-inno" ғылыми студенттік конференциясы және т.б. ғылыми шаралар өткізіледі",- деді проректор.
Байқау қыркүйек-қараша айларында өтті. Конкурстың ұйымдастыру комитетіне 33 бейнеролик түсті, оның 25-і – ғылыми үйірмелерден, 8-і – тілек білдірген топтардан.
"Ғылыми қызметті басқару бөлімі «Болашаққа оралу» ғылыми-театр форматындағы бейнеконкурсын жариялады. Байқаудың бұл форматы алғаш рет өткізіліп отыр. Көптеген бейнелер кәсіби түрде түсірілген және байқау тақырыбына сәйкес келеді. Конкурсқа барлық ғылыми үйірмелер мен көптеген тілек білдірушілердің қатысқаны қуантады. Алдағы уақытта да университетте өткізілетін ғылыми іс-шараларға жастарымыз белсенді қатысатындығына сенемін",- деді Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD, конкурстық комиссияның төрағасы Асқар Қасымов.
Бейнероликтер келесі критерийлер бойынша бағаланды:
- берілген материалдың конкурс тақырыбына сәйкестігі,
- нақты тұжырымдалған идеяның болуы,
- тапсырмаға актерлік көзқарас,
- контенттің мазмұны мен ақпараттылығы,
- ұсынылған материалдың өзіндік ерекшелігі, дизайн шешімінің болуы.
Конкурс қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:
• 3 дәрежелі дипломмен «Ғажап түс» бейнеролигі үшін «Химиялық Қоғам» ғылыми үйірмесі;
• 2 дәрежелі дипломмен «Ғылыми Альянс» үйірмесі ;
• 1 дәрежелі дипломмен «Шабыт Палитрасы» ғылыми үйірмесі марапатталды.
Ғылымды дамытуға және жаңа жаңалықтар ашуға ұмтылған білім алушыларды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!