Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қыркүйек 2024жасанды интеллект

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЕСЕПТЕУ РЕСУРСТАРЫ

Shakarim University-де қазақстандық университеттер арасында жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы есептеу ресурстары мен ғылыми-зерттеу қызметін ілгерілетуге арналған семинар өтті. Семинарға ғылыми зерттеулер мен бірлескен жобаларда ЖИ-ні дамытуға және қолдануға ниетті ғалымдар мен студенттер қатысты.

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеу тәжірибесіне ерекше назар аударылды. ISSAI жобасының техникалық үйлестірушісі Ербол Абсалямов институттың ағымдағы жобаларының негізгі жетістіктері және нәтижелерімен таныстырды. Ол ISSAI студенттер мен ғалымдарға оның есептеу ресурстары мен ЖИ технологияларын пайдалануда институтпен бірлесіп жұмыс істеуге зор мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Е.Абсалямов жасанды интеллект саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, олардың әртүрлі салалардағы ғылыми мәселелерді шешуде және тәжірибеде қолданылу мүмкіндіктерін көрсетті. Ол, сондай-ақ, ЖИ саласындағы бірлескен зерттеулер мен жобаларға жол ашатын қазақстандық университеттермен серіктестікті дамытудың тиімді бағыттарын атап өтті.

Семинарға қатысушылар ISSAI мен қазақстандық білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ, ЖИ-ді білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларға енгізу жолдарын талқылады. Таныстырылым барысында Е.Абсалямовқа жасанды интеллект және есептеу технологиялары саласындағы жаңа бастамаларға жоғары қызығушылық танытқан қатысушылар тарапынан сауалдар өте көп болды.    

Shakarim University студенттер мен зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту үшін барынша жағдай  жасап, озық ғылыми идеялар мен технологияларды қолдау  орталығы болып келеді.