пресс-служба Университета Шакарима13 декабрь 2024құрметті азамат

SHAKARIM UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ – «АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ»

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында  «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «ҚР Білім саласының құрметті қызметкері», филология ғылымдарының докторы, профессор, "Парасат" орденінің иегері Арап Сіләмұлы Еспенбетовке «Абай облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

 

 Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған топырақта туып-өскен,  ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнаған ғалым-ұстаз Арап Сіләмұлының қазақ әдебиеттану ғылымына, оның ішінде сұлтанмахмұттану ілімі мен Семей өңірінде әдеби мектептің қалыптасуына қосқан үлесі зор.  Зерттелмеген, еленбей қалған тақырыптарды жас зерттеушілерге еншілеп бөліп беріп, К.Жанатайұлы, Ә.Тәңірбергенов, Ш.Әбенов, Н.Баймұратов, У.Шондыбайұлы, Ә.Найманбаев т.б. әдебиет өкілдерінің қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орнын айқындап, шығармашылықтарын ғылыми тұрғыда негіздеп берген ғалым осылайша әдебиеттануда зерттеу бағыты нақтыланған, тың концепциясы бар жаңа ғылыми орта – «Еспенбетовтің ғылыми мектебін» қалыптастырды.     

 

 Ғалымдық пен ұстаздық тізгінін қатар ұстаған тұлға Арап Сіләмұлы  – Shakarim University  «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері. Сексенге аяқ басқан шежіре-кеуде  қария   жас ғалымдарға өз тәжірибесі мен білімін бөлісіп, ғылымдағы тың зерттеулерге бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Келесі жылы ғалымның өнегелі өмір жолы  мен шығармашылығына арнап  «Профессор Арап Еспенбетов:  әдеби өлкетану және ғылыми мектеп» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу жоспарлануда. 

 

Ардагерлерді ардақтау бүгінгі буынға артылған мәртебелі міндеттің бірі десек, ғалымға «Абай облысының Құрметті азаматы» атағының берілуі – оның ел ғылымына, қоғам дамуына сіңірген зор еңбегінің лайықты бағасы. Бұл атақ тұлғаның мерейін өсіріп қана қоймайды, оның артынан ерген жас буын үшін де үлкен үлгі-өнеге екені сөзсіз.

 

 Айта кету керек, Абай облысы құрылғалы екінші рет беріліп отырған мәртебелі атаққа биыл 5 жерлесіміз лайық деп танылған екен. Олардың қатарында: Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақстанның еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Роза Қуанышқызы Рымбаева; «Вестник», «Адам. Энергия. Атом» журналдардың бас редакторы және ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Ғадлетұлы Батырбеков; «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Александр Александрович Милютин; «Зайтенов» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Әмірбекұлы Зайтеновтер бар.