«Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2024 жылдың 23-қаңтары күні Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ делегациясы Шәкәрім университетімен танысу және ынтымақтастық қарым-қатынас орнату мақсатында арнайы іссапармен келді.
«Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылдан бастап халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру арқылы кадр мәселесін шешу мақсатында қабылданғанын білеміз. Бағдарлама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін ішкі көші-қон есебінен азайтуды көздейді.
Бүгінде Шәкәрім университетінде «Серпін» бағдарламасымен Батыс және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен грант негізінде оқуға түсіп, білім алып жатқан 290 студент толығымен дерлік жатақханамен қамтамасыз етілген.
Киелі Абай өңіріне алғаш келген түркістандық қонақтар Шәкәрім университетінің оқу ғимараттарының материалдық базасымен, Шәкәрім мұражайымен, білім алушылардың оқу үрдісінде қолданылатын атаулы кабинеттермен, коворкинг орталықтарымен, Студенттер үйлерінің тыныс-тіршілігімен танысты. «Серпін» бағдарламасының білім алушылары үшін университет тарапынан жасалған қолайлы жағдайларды көрген түркістандық меймандар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс жаудырды.
Түркістандық делегация мүшелерімен аталған бағдарламаны болашақта өзара бірлестікте жүзеге асыру жұмыстары жоспарланды.