11 наурыз 2021

«ӘР ШӘКІРТ ОЙШЫЛ АҚЫННЫҢ АТЫНА ЛАЙЫҚ ҚАРЕКЕТ ҚЫЛУЫ КЕРЕК»

11 наурызда Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Ердембеков пен белсенді студенттердің арнайы кездесуі өтті. Кездесуге жастар ұйымдарының жетекшілері мен Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің басшысы Карибаев Мақсат қатысты.
Ректор Бауыржан Амангелдіұлы ашық диалог түрінде ұйымдастырылған жиын барысында пандемия кезеңіндегі оқу мен тәрбие үрдісінің алдағы өмірімізге әлі де біраз өзгерістер әкелетінін жеткізді. 
Жаңа даму белесіне қадам басқан оқу ордасы әрмен қарай белсенді жастардың ықпалы арқылы альма-матер беделін көтеру, ғылымға жаңаша бет бұру, тың инновациялық жобаларды іске асыру жұмыстарын талқылады.  
Студенттердің игілігі үшін қолға алынатын жұмыстар да назардан тыс қалмады. Университет басшысы жастармен бірге жүзеге асыратын жобаларын, сондай-ақ, мектеп бітіруші талапкерлерге кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарын таныстыра келе, өз сөзінде:
«Шәкәрім университетінің әр шәкірті ойшыл ақынның атына лайық қарекет қылуы керек», –деді.
Ашық диалог алаңында «Парасат» дебат клубының пікірсайысшылары мен «ART-union» талантты жастар ұйымдарының жетекшілері көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Университет ректоры Бауыржан Амангелдіұлы мен белсенді студенттер тарапынан бір-біріне сенім білдірген нағыз достық, таныстық, сырласу кездесуінде бірқатар мәселелер талқыланып, алдағы уақыттың жиындары жоспарланды.
Жаңашылдыққа толы мазмұнды кездесуден ерекше әсер алған белсенділер жиын соңында университет басшысы Бауыржан Амангелдіұлымен естелік суретке түсті.