press office of Shakarim University12 september 2024референдум

АБАЙ ОБЛЫСЫ ХАЛЫҚТЫҚ ШТАБ МҮШЕЛЕРІНІҢ КЕЗДЕСУІ

АЭС салуды қолдау жөніндегі Абай облыстық Халықтық штабының мүшелері Shakarim University  ұжымымен кездесті. 6 қазанда АЭС салу бойынша өтетін референдумға дайындық барысына қатысты түсіндіру жұмыстарына:   «АМАНАТ» партиясының Абай облыстық филиалының  атқарушы хатшысы Нұржан Әбдікәрімов, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Зейнолла Тоқаев және «Қазақстан халық партиясы», «Ауыл», «Ақжол»,«Байтақ» партиялары филиалдарының өкілдері мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Жиынды ашқан Думан Орынбеков қатысушыларды таныстырғаннан кейін бүгінгі басқосудың мақсатына тоқталды.

«Бүгінгі отырыс аса маңызды және өзекті мәселеге – Қазақстанда атом электр стансасын салу қажеттілігіне орай өткізілетін референдумға арналып отыр. Ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте жариялаған Жолдауында атом электр стансасын салу қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінгенін бәріміз білеміз. Президент «атом энергетикасын таңдау еліміздің болашағына бастайтын қажетті қадам» екенін атап өтіп, «бұл мәселе жан-жақты талқылауды қажет етеді және референдум өткізіледі» деп баса айтқан болатын. Атом электр стансасын салу да ел болашағына, қауіпсіздігіне, экологиясына, экономикасына салынған ұзақ мерзімді инвестиция екенін түсіну керек.

Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін білікті кадрлар қажет екені белгілі. Шәкәрім университеті осындай мамандарды дайындайтын негізгі орталықтардың біріне айналуы тиіс»- деді.

Келесі кезекте сөз алған Нұржан Әбдікәрімов еліміздің экономикасында электр қуатының жеткіліксіздігіне қатысты мәселелер туындап отырғанын, жылу электр орталықтарының 70 пайызының тозығы жеткенін, былтырғы жылы Ресейден 100 млрд теңге ақшаға электр қуатын сатып алғанымыз  жөніндегі бірқатар жайттарды атап өтіп, «қазір шешім қабылдамасақ, 2036 жылға қарай 152 млрд квт энергия қуаты қажет болады»-деп түйді.

«Тәуелсіздік ұғымы саяси, экономикалық және энергетикалық тәуелсіз болғанымызда ғана толыққанды болады»- деген Мұрат Әлин атомның зардабын тартқан Абай өңірі халқының бойын қорқыныш билеуі заңды екенін айта келіп, бейбіт атомның да пайдасын көретін мезгіл жеткенін атап өтті.

Shakarim University физика және химия ғылымдары Зерттеу мектебінің деканы Асқар Қасымов экономикадағы «әртараптандыру» деген сияқты энергетикада да «әртараптандыру» ұғымының бар екенін, қазір біздегі базалық генерация жылу электр стансалары  болса, алдағы уақытта тұрақты түрде істеп тұратын энергия көзі – базалық генерация атом  электр стансасы болуы қажет деді.

Жиынды университет ректоры Думан Орынбеков: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері бізді жай ойлануға емес, Қазақстанның және әрқайсымыздың болашағымызға ықпал ететін шешімдерді қабылдауға және талқылауға жауапкершілікпен қатысуға шақырады»- деп түйіндеді.