press office of Shakarim University11 october 2024конференция

ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ

Семейдің Шәкәрім атындағы университеті Алматы қаласының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп, «XVII ғасырдың екінші жартысы - XVIII ғасырдың ортасындағы Қазақ және Жоңғар хандықтарының қарым-қатынасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан: бас директор, т.ғ.д., профессор, ҚР  ҰҒА академигі Зиябек Кабульдинов; бас директордың орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к. Ержан Торайғыров және бас ғылыми қызметкер, т.ғ.к., профессор Ахмет Тоқтабай, институттың Астана филиалының қызметкері, т.ғ.к. Денис Черниенко, сондай-ақ,  Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Владимир Тепкеев пен Шәкәрім университетінің ғалымдары қатысты.

Конференцияны ашқан ректор аппаратының басшысы Мақсат Серікұлы тарихтағы маңызды кезеңдердің бірі саналатын XVII ғасырдың екінші жартысы - XVIII ғасырдың ортасындағы Қазақ және Жоңғар хандықтарының қарым-қатынасы әлі де ғылыми-зерттеулерді қажет ететінін атап өтті.

Конференция XVII ғасырдың екінші жартысынан XVIII ғасырдың ортасына дейінгі кезеңдегі қазақ-жоңғар қатынастарына қатысты құжаттар мен зерттеулерді, Қазақ және Жоңғар хандықтары арасындағы дипломатиялық және өзара саяси байланыстарды, экономикалық қатынастарды талдау,  қазақ хандары, сұлтандары және жоңғар билеушілері арасындағы әулеттік некені; Қазақстан аумағындағы жоңғар (моңғол) топонимиясын зерттеу сынды бағыттарды қамтыды.

Зиябек Кабульдинов өз сөзінде: «Біздің санамызда жоңғарлар қазақтың бітіспес жауы деген пікір қалыптасқан. Кеңес Одағы кезінде қазақ-жоңғар қарым-қатынасы туралы айтуға тыйым салынды. КСРО тұсындағы тарихта  халқымызды жоңғарлардың шапқыншылығынан патшалық Ресей империясына бодан болғанымыздың құтқарғанын баса айтты. Алайда, бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақ-жоңғар арасындағы қарым-қатынас тек соғыспен шектелген десек, қателескеніміз. Оларда бейбіт жылдар да болды, өзара сауда-саттық қалыптасты, қыз алып, қыз берісті. Мысалы, Әбілқайыр, Нұралы, Абылай хандардың әрқайсысының бірнеше қалмақ әйелдері болған. Патшалық Ресей тұсында шенеуніктерге қазақтар мен жоңғарларды мүмкіндігінше бір-біріне қарсы қою туралы тікелей нұсқау берілгені жайлы тарихи құжаттар сақталған»- деді айтыла бермейтін тарихи шындықтың бетін ашып.

Владимир Тепкеев қазақ-қалмақ қарым-қатынасы туралы айтқанда үнемі екі түрлі көзқарасқа тап келетінімізді алға тартты. Оның біріншісі – «қалмақ – қазақтың ата жауы» деген түсінік болса, екіншісі – қазақтың көптеген белгілі тұлғаларына өмір сыйлаған, оларды ел қамын жейтін азамат етіп өсірген  қалмақ қыздары екендігі. Бұған көптеген мысал келтірген ол бұл тұрғыда  әлі де зерттеулер жүргізілуі қажеттігін айтты.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрімов «Шығыс Қазақстан тарихындағы жоңғар іздері» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі Қазақстан­ның шығыс ай­ма­ғының XVII-XVIII ғасырлар аралы­ғында Жоңғар мемлекетінің қол астында болғанын,  Ойрат жұртының төрт ірі тайпасының басын қосқан айбарлы мем­ле­кет­тің бір жарым ғасырға созыл­ған тарихына куә болған Тар­бағатай өңірінен сол заман белгілері әлі де табылатынын айтты. «Соның бірі – «Әмірсана жамбы­лы», яғни   жоңғар нояны Әмірса­на­ның қамал-ғибадатханасы. Оны 2012 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының М.Қозыбаев атындағы тарихи және саяси-әлеуметтік зерттеулер орталығының Мұхаметбек Асылбеков бастаған мамандары тапқан болатын»- деген ол өңіріміздегі көптеген жер-су атауларында  ХІІІ ғасырдағы моңғолдар үстемдігі мен жоңғар қалмақтарының жорықтарына байланысты пайда болған топонимдер де бар екендігіне тоқталды. 

Айтулы ғалымдар бас қосқан жиынның соңғы нүктесін қойған өңіріміздегі өлкетанушы, тарихшы  Мұхаметбек Асылбеков Қазақ хандығының шығыс өңіріндегі белсенді ұлыс билеушісі болған Әбілпейіз сұлтан Әбілмәмбетұлының  1750 жылдардан кейінгі қалмақты еңсерген жорықтардың көбіне тікелей қатысқан үлкен қайраткер болғанын айтып, оның қазір мүлде ескерусіз қалған тұлға екеніне қынжылыс білдірді. «Әбілпейіздің мемлекет қайраткері ретіндегі іс-әрекеті көрінісінің екінші кезеңі Жоңғарияның мемлекет ретінде тарих сахнасынан түскен уақытына сәйкес келеді. Оның сұлтан болып билікке келуі Шығыс өңірге қарай жылжыған арғын, найман, абақ-керей , уақтар мен басқа да қазақ тайпаларының  руларына қайрат беріп, оларды батыл қимылдауға жұмылдырды.  Жоңғар мемлекеті құлағанмен, әлі де өз орнында отырған қалмақ  қазаққа «мен кеттім, сен келіп қона бер» деген жоқ. Ірілі-уақты қақтығыстар мен шеру тартқан қанды жорықтарға, дипломатиялық арбасуларға толы бұл ұлы көш ғасырға жуық уақытқа созылды»- деп қазақ халқының атамекенін жат қолынан қайтарып, өз жеріне қайта қоныстануының  да оңай болмағанын дәйекті дәлелдермен  ұсынды.