Жаратылыстың ең ардақтысы адам, ал оның сапасы мен құндылығы сана тәуелсіздігінде. Ол үшін ұлы байлық – елінің тәуелсіздігі. Кеңестік одақ ыдырап, жеке егеменді мемлекет болғанымызға да 30 жылдың жүзі болыпты. Елбасының сөзімен айтар болсақ: «Бұл қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманының орындалған күні».
15 желтоқсан күні Шәкәрім шаңырағында «Семей рухы» жобасы аясында тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өнердің қара шаңырағы – Абай атындағы мемлекеттік драма театрында өтті.
Концерттік бағдарлама университетіміздің 2007 жылғы түлегі, халықаралық байқаулардың лауреаты Серәлі Мұхамедсадықовтың орындаған шаңқобыз үнімен басталды. Ежелгі сақ дәуірінің қойнауына тартқан шаңқобыздың сиқырлы үнін Led экранда жүріп жатқан кеңбайтақ қазақ даласының бейнесі әсерлендіре түсті. Кең сахна 16 ғасыр ордасын еске түсіретін жылжымалы декорацияық фонға көшіп, Абай театры актерлары дайындаған "Керей хан" спектакілінен үзінді келтірумен жалғасты. Қойылымнан кейін «Ақтабан шұбырынды» заманынан «Желтоқсан» оқиғасы аралықты қамтыған «Қазақ тарихы» фильмі Қарагөз жастар театрының «Желтоқсан» көрінісімен жалғасты.
Тарихи қойылымдар бірінен соң бірі көңіл толқытып, көзімізге жас үйірді.
Әсерлі қойылымдардан кейін Шәкәрім университетінің басшысы Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков құттықтау сөзінде «Жарқын болашақ білімі биік, мақсаты анық елдерде ғана. Құр ұранмен арманыңды асқақ қылғаннан ештеңе ұтпайсың, ғылымы мен білімін жетілдірген мәдениетті елдер ғана өркениеттілікке қол жеткізіп, тұрмысын жақсартып, жан-жағын қымтап, тәуелсіздіктің туын сақтай алады,, - деп, жарқын болашақ та тәуелсіздік кепілі де – БІЛІМ екенін баса айтты.
Университетіміздің оқытушылары мен студенттері ғана емес қаламызға, республикамызға танымал Шәкәрім түлектері Ж.Тәжиев, Р.Алпысбаев, Ж.Шарипов, М.Рахиев, С.Тұрлыбековтар өнерлерімен мерекенің көркін қыздыра түсті.
Жұбан ақын жырлағандай, біз расында, "мың өліп, мың тірілдік". Соған қарамастан жасымадық, жасқанбадық.
Сөз соңын Мағжан Жұмабаевтың бір шумақ өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға.
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін.
Бұл ғасыр бұрын жастардың жігеріне сеніп, оларға аманат арқалатқан өлең еді. Мағжанның сенген жастары ел үмітін ақтады. Егемендікті алды, тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі Мағжанның сенген жастары біз. Бізге келген тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, еліміздің әлеуетін арттыруға өз үлесімізді қосу басты міндетіміз! Тәу етер тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын.!