Шәкәрім университеті ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты кеңейту мақсатында білім алушылар мен ғылым жолында ізденушілерді шет елдерде білім алуға, тәжірибе алмасуға жіберуде. Нәтижесінде, алыс-жақын шетелдердегі жетекші білім беру орталықтарымен әріптестік ынтымақтастық нығаюда.
2021-2022 оқу жылында университетіміздің 16 студенті Түркия мемлекетінің Денизли қаласы Памуккале университетіне білім алуға аттанбақ. Осы орайда 31 қаңтар күні университет басшысы Б.Ердембеков білім алушылармен кездесті.
«Академиялық ұтқырлық - білім алушының белгілі бір академиялық кезең аралығында оқу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында басқа университеттерде оқуын жалғастыруы. Шет елде оқу - білім беру және ғылым саласында халықаралық тәжірибе алмасуға, кәсіби білім мен практикалық дағдыларды кеңейтуге, тіл үйренуге мол мүмкіндік берері сөзсіз. Білім көкжиектеріңізді, дүниетанымдарыңызды кеңейтіп, шет елдіктердің озық тәжірибелерін үйренуге талпыныңыздар. Қазақстанға қайтып оралғанда, жинақтаған тәжірибелеріңізбен, білімдеріңізбен басқа да студенттерімізбен бөлісу қажет. Түрік жұртшылығына да салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді насихаттаңыздар. Алда болатын Орта Азия халықтарына ортақ Наурыз мерекесін тойлау дәстүрімен бөлісіп, ұлттық құндылықтарымыз бен бай рухани мұрамызды жоғары деңгейде танытасыздар деген сенімдемін» - деді университет ректоры Б.Ердембеков.
Жиын соңында университет басшысы Бауыржан Амангелдіұлы студенттерге ізгі тілектерін білдіріп, сәт сапар тіледі.
Сондай-ақ, Шәкәрім университетінің Медиа орталығы Түркия еліне аттанушы студенттермен тығыз байланыста. Медиа орталықтың арнайы жобасы аясында шәкәрімдіктердің Түркиядағы тыныс-тіршілігі жайлы ақпарларды әлеуметтік желілерде білім алушыларымыз Қайырбекова Айдана, Кәп Зарина мен Балсекер Еркеназ «Студент үні» айдарында бөлісетін болады.