Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі13 қазан 2021агротехпарк

БЕРЕКЕЛІ ІС МЕРЕКЕЛІ КЕЛЕДІ

Бүгін Шәкәрім университетінде қазыналы қазан айының күнін берекелі қылған үлкен шара болды. Ол – Семей қаласының әкімдігінің қолдауымен, Шәкәрім шаңырағының ұйымдастыруымен, университеттің «Агротехнопарк» ғылыми орталығында өткен «2021-Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңке-көрмесі».

Игі шараға Семей қаласының әкімі Б.К.Байахметов, әкім орынбасары Д.Ш.Жөргекбаев, Семей қалалық мәслихат хатшысы Б.Т.Ақжалов, Семей қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Н.Шақабаев, Ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Т.Самат қатысып, қала әкімі осындай іскерлік байланыстарды кеңейтуге сеп болатын игі істерді толықтай қолдайтынын айтты. Университет ректоры Б.А.Ердембеков келген қонақтарды жәрмеңке-көрменің бөлімдерімен таныстырды.
Көрме «Ара шаруашылығы әлемі», «Бөдене жұмыртқасы - диеталық өнім», «Ауыл шарушылық өнімдері», «Алтын күз сыйлықтары» ынталандыру байқауы, ұсақ үй жануарын тегін беру – «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясы сияқты т.б. бөлімдер мен шаралардан тұрды.

Университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы жәрмеңке-көрмеге жиылған көпшілікке игі шараның мақсаты мен маңызын төмендегідей тарқатып берді:
«Университет тарихында мұндай дәстүрлі көрме бұдан да ауқымды көлемде өткен кездері болды. Кейінгі екі жылда тоқтап қалған шараның бүгінгі пандемия салдарынан сондай ауқымды болмаса да қайта қолға алынуы оқу орны үшін де халық үшін де маңызды.
Шәкәрім университеті – ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын бірден-бір қара шаңырақ. Бұл оқу орны тек қана Семей қаласы емес, Өскемен, Павлодар, яғни Шығыс өңірінің барлығының ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім беру бағдарламасымен жұмыс істейтін бірегей білім ордасы. Сол себепті бүгінгі жәрмеңке-көрме мақсаты – жергілікті кәсіпорындар мен шаруашылықтардың өнімімен танысу ғана емес, аталмыш өндірістермен байланысты күшейту, оларды әлеуметтік серіктестікке тартып, академиялық дербестікті тиімді пайдалану.

Сондай-ақ аталмыш шараға біздің студенттер ғана емес, оқушылар да өз еңбектерімен көрмеге қатысуда. Сол арқылы «Мектеп – колледж- ЖОО» байланысын нығайтып отырмыз. Осы жастарды ынталандыру мақсатында «Алтын күз сыйлықтары» конкурсы шара жоспарына енгізілді.
Қазақстанның болашағы мұнайда ғана емес, ел әлеуетін көтере алатын басқа да материалдық өндірістер бар. Соның бірегейі – ауыл шаруашылығы. Осы мамандықтағы профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларға сәттілік тілеймін!
Жәрмеңкеде қойылып жатқан барлық тауар бағасы базар мен дүкендерден төмен. Тиімді сауда, пайдалы өнім болсын».

Кеше университетімізде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Road show Enactus Kazakhstan жастар кәсіпкерлігі форумы басталғанын жазған болатынбыз

Форум қонақтары Enactus Kazakhstan Директорлар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер, «Eurasia Gold» ЖШС құрылтайшысы Балтабек Мұқашев, Enactus Kazakhstan Президенті, философия ғылымдарының докторы Альбина Ержановалар да оқу орнымыздың форумнан өзге тынысымен де танысуды жөн көріп, аталмыш шарамызға келді. Қонақтарды Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова алып жүріп, көрме өнімдерімен таныстырды. Мұндай шараларды әлемдік деңгейде бағамдай алатын кәсіпкер Балтабек Құмарұлының ойын білу біз үшін қызық та маңызды болды. Кәсіпкерге көрмеге қатысып жатқан университетіміздің «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» кафедрасының студенттерімен сұхбаттасу ұнаған екен. Жергілікті орманда өсетін шипалы шөптерді зерттеп жүрген студенттер барша қонаққа пайдалы шөптерден қайнатқан шайларын ұсынып, әр шөптің қасиеті мен пайдасын және оларды тану жолдарын болашақ маман ретінде тарқатып айтып берді.

«2021-Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңке-көрмесі» шарасына орай көктемдік сенбілікте басталған «Шәкәрім шаңырағының тал егу акциясы» жалғасын тапты. Акцияның бұл жолғы реті бұрынғыдан өзгеше болды. Оқу орнының басшысы бастап, құрылым басшылары мен профессор ғалымдар өз есімдері жазылған шағын қатырма тақталар ілінген шыршаларды 5-ғимарат алдындағы көгалды алаңқайға отырғызды.

Акцияның өзгешелігі –әркім өзі отырғызған шыршаның күтіміне қарайлауды өз міндетіне алды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешен саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін ілгерілету, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жаңа технологияларды енгізу, іскерлік байланыстарды кеңейту: яғни өңірлік, өңіраралық экономикалық байланыстар сияқты міндеттері мен мақсаты бар жәрмеңке-көрме шарасының болашақтағы тың жоспары келер жылға қайта ұсынылатын болып келісілді.

Берекелі көрме концерттік бағдарламамен мерекелі өткен «Агротехнопарк» ғылыми орталығы мен оның жетекшісі профессор Сауле Мұқанқызына еңбекте сәттілік пен табыс тілейміз!