Үш өнердің жүгін арқалай білген, бүкіл саналы өмірін әдебиетке арнаған таланттың бірі, Жарма ауданының тумасы Тұрсынхан Әбдірахманқызының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы орайда жерлестері бұл атаулы күнді ерекше құрметпен атап өтті. Талантты тұлғаның туған жерінде орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қоюмен басталған іс-шара «Көңілі жырлы, өмірі сырлы» атты дөңгелек үстелдің өткізілуімен жалғастық тапты.
Игі шараға университетіміздің филология факультетінің деканы, ф.ғ.к., профессор А. Қадыров пен қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының оқытушылары ф.ғ.к., профессор А.Тоқсанбаева, ф.ғ.к., аға оқытушы Т. Қабышев, ф.ғ.к., аға оқытушы Ә. Жұмағұловалар қатысып қайтты. Факультет деканы ф.ғ.к., профессор А. Қадыров басқарма төрағасы-ректор, ф.ғ.д., профессор Б.Ердембековтың арнайы құттықтау-адресатын табыстады.
Дөңгелек үстел аясында Тұрсынхан Әбдірахманқызының шығармашылығы жайында ф.ғ.к., профессор А. Қ. Қадыров «Зерделі сөздің зергері», ф.ғ.к., профессор А. О.Тоқсанбаева «Жыр жазса жүрегіңді суыратын» деген тақырыпта баяндамалар жасаса, аға оқытушы Т. Қабышев шығармашылық тұлғаның өзге де даралық қырларын атап, өз ойын ортаға салды.
Жарма ауданының әкімдігі, мәдениет саласының мамандары университет ұжымына үлкен алғыстарын білдірді.
Бүгінгі жас ұрпақ үшін рухани азық болар осындай игі істердің берері мол болмақ.