️Әріп Тәңірбергенұлының 165 жылдық мерейтойына орай Қазақ филологиясы және журналистика кафедрасы тарихшы-этнограф, әдебиетші Мұхамедқазы Мұхамадиұлымен «Абайдың дарынды шәкірттері » (Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы) тақырыбында ашық дәріс сағатын өткізді.
Дәріске факультеттің 3 және 4 курс студенттері қатысты. Мұхамедқазы Мұхамадиұлы ақын Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы өмір деректері мен шығармашылықтары туралы тың деректерімен бөлісті. Сонымен қатар «Біржан-Сара» айтысының шығу тарихы мен зерттелу мәселелеріне тоқталып, ғылыми тұжырымдарын айтты. Студенттер ғалымға ақындардың жеке өмірлері мен тарихи кезеңдегі қызметтері туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің де бұл ақындарға қатысты зерттеулері айтылды.
Ғалым өзінің жеке мұрағат қорындағы Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлына қатысты ескі газет-журналдардағы, Қытай халық республикасындағы «Шұғыла» газетіндегі деректерді студенттер назарына ұсынды.
Мұхамедқазы Мұхамадиұлы Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылығының ерекшелігі туралы Қайым Мұхамедхановтың зерттеулері мен басқа да ғалымдардың пікірлерін ортаға салды. Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылық ерекшелігін бағалай келе, оған арналған музей болуы керек екенін баса айтты.
Кездесу дәрісі мағыналы да мазмұнды болды.