Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі04 қараша 2021эразмуз

САЯСАТ ПЕН СТАНДАРТТАР НЕГІЗІНДЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ІШКІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ АЙМАҚТЫҚ СЕМИНАРЫ

Білім беру сапасын арттыру әлемдік білім беру кеңістігіне кірігудің жаһандық өзгерістерімен байланысты. Жоғары білім беру сапасының мәдениетін ілгерілету біздің заманымыздың басты мақсаты болып табылады. Осы орайда Шәкәрім университетінде қараша айының 4 мен 5 күндері "Саясат пен стандарттар негізінде жоғары білім беру сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесін құру" атты аймақтық семинар өтіп жатыр. Шара Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының ұлттық кеңсесі, Қазақстандағы жоғары білім беруді реформалау жөніндегі ұлттық сарапшылар тобы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің әдістемелік және қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды.

Семинардың ашылуында алғы сөз айтқан Шәкәрім университетінің басшысы Б.Ердембеков аталмыш семинардың маңыздылығына, мақсаты мен міндетіне тоқталды. «Білім сапасын қамтамасыз ету маңызды екендігі баршамызға белгілі. Өздеріңіз білесіздер ҚР Президенті Қ.Тоқаев биылғы жылғы халқына Жолдауында білім сапасын, әсіресе жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Шәкәрім шаңырағында өткізіліп отырған семинар сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесін, университет моделін әзірлеу, сапа мәдениетін қалыптастыру тәжірибесімен бөлісу үшін еліміздегі жоғарғы білім беруді реформалау жөніндегі ұлттық сарапшылар тобын біріктіріп отыр»,- деді Басқарма төрағасы Бауыржан Аманкелдіұлы.

Аталған іс-шара ҚР БжҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің қолдауымен өткізіледі. Министрліктің атынан директордың орынбасары Б.Нарбекова құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға Қазақстандағы Эразмус+ ұлттық кеңсесінің директоры Ш.Тасбулатова, Astana IT University ректоры Д.Ахмед-Заки, Astana IT University бірінші проректоры С.Өмірбаев, Astana IT University Стратегия және корпоративтік басқару департаментінің директоры А.Мұқатаев, университет басшылығы, өңірлік (шығыс) жоғары оқу орындарының академиялық мәселелер жөніндегі проректорлары, академиялық мәселелер және сапаны қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты.

Қазақстандағы Эразмус+ ұлттық кеңсесінің директоры Ш.Тасбулатова өз сөзінде аталмыш семинардың тұрақты жұмыс істейтін семинардың бөлігі болып табылатындығын атап өтіп, ішкі және сыртқы сапаны қамтамасыз ету мәселелеріне арналған бірқатар іс-шаралар өткізгенін айтты. Мемлекетіміздің Орта Азия елдері бойынша жобалар мен стипендианттар санының көрсеткіштері бойынша алдыда екендігін ерекше атады.

Пленарлық отырыс барысында «Сапаны қамтамасыз етудің ішкі жүйесі:жалпы моделі мен қағидалары» А.Мұқатаев, «Сапаны қамтамасыз ету саясаты мен сапа мәдениетін қалыптастыру» және «Қазақстандық ЖОО-да сапаны ішкі қамтасыз ету стандарттары мен ережелерін әзірлеудің жалпы тәсілдері» С.Өмірбаевтар баяндама оқып, студенттерді қабылдау, үлгерім, біліктілікті тану және сертификаттау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында ESG стандарттарды және ұлттық басымдықтар мен міндеттерді қолдану бойынша практикалық тапсырмалармен таныстырды.

Семинарға қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, ЖОО-да сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесін әзірлеу бойынша практикалық дағдыларды иегере алуға мүмкіндік алды. Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар беріледі.