Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі05 қазан 2021

«ШӘКӘРІМ-ОҚУЛАРЫ 2021» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

Бүгін Шәкәрім шаңырағында «Шәкәрім-оқулары 2021» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Аталмыш шара ұлы гуманист, кемеңгер ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеден өткеніне 90 жыл, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық кітабы» еңбектерінің жарық көргеніне 110 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Конференцияның ашылуы Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Тағылымды шараның алғы сөзі Басқарма төрағасы – Ректор Бауыржан Аманкелдіұлына берілді.
«Шәкәрім әлемі – әлі толыққанды зерттеліп, қалың оқырман жаппай түсініп болмаған еркеше бір әлем. Өйткені Шәкәрім – бір әдебиеттің төңірегіне бірнеше ғылымның басын тоғыстырған күрделі тұлға. Ақынның «Үш анығы» әдебиет пен философияның тоғысқан жері болса, шежіре еңбегі әдебиет пен тарихтың, ал «Мұсылмандық кітабы» әдебиет пен теологияның түйіскен жері»,- деді университет басшысы Б.Ердембеков.

Конференция қонақтары мен қатысушылары арасында бауырлас түрік елінің ғалымдары, қаламыздың зиялы қауымы, университеттің құрылымдық бөлім басшылары мен студенттері, сондай-ақ Шәкәрімнің шөбересі Нұрлан Мерекеұлы және Шәкәрім бабамыздың өзге де ұрпақтары қатысты.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Еспенбетов «Шәкәрімнің шежіре еңбегі және қаламгер кітапханасы»; тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан Өнер университетінің профессоры, Қ.Абдуақап, «Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» жазған кезде Ыстамбұлдағы түркі тарихы туралы зерттеулер»; Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Т.Шаңбай, «Шәкәрім және қазақ фәлсапасы мәселелері»; Екрем Айан Мугла Сыткы Кочман университетінің қауымдастырылған профессоры «Абай және Шәкәрім: дінтану мәселесі»; филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Момынова «Шәкәрім өлеңдерінің лингвопоэтикалық ерекшеліктері»; педагогика ғылымдарының докторы, профессор С. Маусымбаев «Шәкәрімнің атомистикалық көзқарастары»; 

Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Үсен «Шәкәрім поэзиясындағы мазмұн мен түр үйлесімі»; Н.Ахметжанова Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «Жаңартылған білім беру бағдарламасында Шәкәрім шығармаларын оқыту» сынды шәкәрімтану ғылымының дамуына үлкен қозғау салатын ғылыми-танымдық баяндамалары оқылды.

Халықаралық конференция барысында Шәкәрім сайтының таныстырылымы өткізілді.
Шара соңында конференция барысы қорытындыланып, қарар қабылданды.