Жалпыұлттық тарихи сананы көтеру мен ұлттық бірлікті нығайтуда елдің өткенін қайта зерделеудің маңыздылығы зор. Осы орайда Шәкәрім университетінде ««Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» - елдің қайтпас рухының куәгері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қазақ-жоңғар соғысының 380 жылдығы мен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының 300 жылдығына орай ұйымдастырылған игі шара еліміздегі ЖОО арасында алғашқылардың бірі ретінде өткізілуде. Тағылымы мол шараға Абай облысы әкімдігі, университет басшылығы, елге белгілі ғалымдар, шежіреші-тарихшылар, қоғам қайраткерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Бауыржан Ердембеков «Ұлы қасіреттің» ашылмаған тұстарына тоқталу, тарихнамалық тұрғыдан пікір білдіру, «Ақтабан шұбырынды» қасіретін мән-мағынасын білу бүгінгі жас ұрпақтың міндеті екендігін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Абай облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев қазақ халқының бірлігі мен батылдығын, ерлігін айқындап беретін іс-шараларды халықаралық дәрежеде ұйымдастыру қажет екендігін тілге тиек етті.
Бас қосуда елімізге белгілі ғалымдар мен жас ізденушілер жаңа ғылыми деректер негізінде зерттеген тың баяндамаларын ортаға салды. Атап айтқанда, Тобықты руын жан-жақты зерттеген қарымды қаламгер, шежіреші Молдабек Жанболатұлы «Ақтабан шұбырынды туралы Топыш ақынның «Елім-ай» жыры», т.ғ.к., профессор Амантай Исин «Ақтабан шұбырынды туралы Қотыр бидің толғауы», т.ғ.к., профессор Мұхтарбек Кәрімов «18 ғ.бірінші ширегіндегі қазақ-жоңғар қатынастарының шиеленісуі: себептері және салдары», Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ахмет Тоқтабай «18 ғ. қазақ-жоңғар қарым-қатынастарына байланысты шетелдегі тарихи жерлер», ф.ғ.к., профессор Айман Тоқсамбаева «Көркем шығармалардағы Ақтабан шұбырынды оқиғалары» туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, «Тарих» ББ студенттері Мерей Сырымұлы «Ғасырлар қойнауынан жеткен «Елім-ай» және Индира Қызырова «М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасынан Ақтабан шұбырынды туралы үзінді» тақырыптарында зерттеу жүргізді.
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңін бейнелейтін аса қастерлейтін ұғым. Шынтуайтқанда қалың қазақ елінің қасірет кешкен кезеңінде елдің еңсесін көтеріп, рухын көтерген батырларды, абыздарды тарихи тұрғыдан зерттеу қажеттілігі әлі де басым. Ұғым төңірегінде ашылмаған, зерттелмеген тақырыптар қаншама... Қасиетті Шәкәрім шаңырағында ұйымдастырылған жиын мақсатына жетіп, диалогтық алаңға айналғаны хақ.