Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 наурыз 2022наурыз мейрам праздник

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫНДА НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ КЕҢІНЕН АТАЛЫП ӨТТІ

Табиғат, жер-дүние жаңарып, жасанатын, күн мен түн теңесетін, ырыс пен берекенің, ризық пен несібенің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні университетімізде кең көлемде аталып өтті. Түркі халықтарына ортақ мереке №3 оқу ғимаратында өзіндік болмыс-бояуымен, сән-салтанатымен тойланды.

Алғы сөз университет басшысы Б.Ердембековке берілді. Басқарма төрағасы жиылған көпшілікті салтымызға сіңген, ырыстың, береке мен молшылықтың, жаңғырудың мерекесімен құттықтап, елімізге бейбітшілік, әр шаңыраққа амандық, шаттық тіледі.

Қара шаңырақтың көңілді көктем мерекесінде жағалай киіз үй пішіндес үйлер тігіліп, кең дастархан жайылып, қазан көтерілді. Алтыбақан құрылып, сахна да мерекеге сай әсем безендірілді. Бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасқан Шәкәрімдіктер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» «Құтты, берекелі жыл болғай» деп ақ тілектің тиегін ағытты. Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді.

Мерекелік шара қарсаңында шығармашылық көрмелер мен ұлттық спорт сайыстары да ұйымдастырылды. №2 спорт кешенінде қызметкерлер ұлттық салт-дәстүр, ойын түрлеріне белсене қатысты. Мәселен, арқан тарту, қазақ күресі көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Жұртшылық бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі мерекелік шара Шәкәрімдіктердің көңілінен шықты.

Әз-Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!