«ҚАЗАҚ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ ТАҒАМ ӨНДІРІС ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» ЖШС СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ БӨЛІМШЕСІ БАЗАСЫНДА КАФЕДРА ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ
Шәкәрім университеті өңірдегі техникалық мамандықтар дайындап отырған білім ордаларының бірі. Еңбек нарығының кез келген саласында сұранысқа ие, білімді де білікті маман – жоғары оқу орны мен жұмыс берушілердің қызметтік қарым–қатынасы мен бірлескен еңбегінің нәтижесі.
27 қаңтар күні «Қазақ қайта өңдеу және тағам өндіріс ғылыми-зерттеу институтының» ЖШС Семей қаласы бөлімшесінде «Тағам өндірісінің технологиясы мен биотехнология» кафедрасының филиалы ашылды.
Шараның мақсаты – әлеуметтік серіктестік аясында кәсіптік білім беруді жетілдіру, студенттердің, магистранттардың және докторанттардың оқу процесінде алған теориялық білімдерін практика жүзінде бекіту. Осы орайда «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Тамақ қауіпсіздігі» және «Биотехнология» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау ісінде білім алушылардың тамақ саласындағы техника мен технологияның жаңа жетістіктерін тануға сеп болу.
Филиалдың ашылу салтанатына Басқарма Төрағасы - Ректор Б. Ердембеков, Қазақ қайта өңдеу және тағам өндіріс ғылыми-зерттеу институты Семей қалалық бөлімшесінің директоры А. Суйчинов, ғылым және инновация жөніндегі проректор Ж. Молдабаева, инженерлік-технологиялық факультет деканы Ж. Тохтаров және факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Жиын барысында екі тарап ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт аясында кафедра оқытушылары мен білім алушылардың зерттеу жұмыстарын жүргізу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру бойынша шаралар легі жоспарлануда.
Сондай-ақ, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, зерттеу жобаларын бизнес-серіктес ретінде бірлесіп қаржыландыру және ғылыми-зерттеу институтының зертханалық базасы мен механикалық цехына ұсыну ісі көзделуде.
______________________________________________________________________________________________________________________________________________
ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ STARTUP ЖОБАЛАРЫ: ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ДӘРІХАНА ЖӘНЕ БӨДЕНЕ ӨСІРЕТІН ШАҒЫН ФЕРМА
27 қаңтар күні Шәкәрім университеті Ветеринария және агроменеджмент факультеті және «Агротехнопарк» ғылыми орталығының бастамасымен «Ветеринариялық дәріхана» және «Бөдене өсіретін шағын ферма» startup жобаларының ашылу салтанаты өтті.
Шараға университет Ректоры және басқарма басшылары, облыстық және қалалық ветеринариялық қызмет басқармасының өкілдері және шаруа қожалықтарының иелері қатысты.
«Бөдене өсіруге арналған шағын ферма» Startup жобасының жетекшісі, ветеринария кафедрасының аға оқытушысы Дәулетбек Муратбаев бөдене өсіру ісінің маңызы туралы айтып, үй құстарын өсіру технологиясымен бөлісті.
«Жоба – біздің ортақ идеямыз. Басты мақсатымыз - халыққа сапалы және пайдалы өнім ұсыну. Бөдене құсының ерекшелігі - өте тез өседі, үлкен бөлмені қажет етпейді. Сонымен қатар, құс әртүрлі ауруларға шыдамды. Ең бастысы – бөдене жұмыртқасы адам денсаулығына өте пайдалы», - деді Дәулетбек Мұратбаев.
Жас маманның пікірінше, бөдене өсіру ісі – тиімді әрі сұранысқа ие кәсіп түрі. Қазіргі уақытта 50 бас бөдене құсы бар болса, жоба аясында бөденелер санын 400-ге дейін арттыру ісі жоспарлануда.
Университет қабырғасында ашылған Ветеринарлық дәріхана мал және үй құстарының түрлі ауруларының алдын алып, емдеуге қажетті дәрілерді, дәрумендік қоспалар мен жем, күтімге қажетті жақпамайларды сатылымға ұсынып отырған, сапалы қызмет көрсететін, заман талабына сай бірден-бір орынға айналмақ.