Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 ақпан 2023студенты, лекция успешных людей, табысты тұлғалардың дәрісі

ТАБЫСТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ДӘРІСІ: ТҰРДЫҚҰЛ ШАҢБАЙ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Табысты тұлғалардың дәрісі» жобасы аясында әдебиетші, философ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбайдың «Көкжиек – көркем» тақырыбында дәрісі өтті.
Тұрдықұл Шанбай – Шәкәрім шаңырағының жұлдызды түлегі. Лектор өзіне университетте дәріс оқыған, өмір жолында ақыл-кеңес берген өмірлік ұстаздары жайлы әңгімелеп, жетістікке жетудің басты жолдарымен бөлісті. Оның айтуынша, адам қоғамға қажет болу үшін тәрбиеленіп, қалыптасуы қажет.
-Кез келген саналы қоғамның басты міндеті – жалпы адамзатқа ортақ құнды қасиеттерді жастардың бойына сіңіру, бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру дейді. Осы тұрғыдан алғанда «Мен не істедім? Не істей аламын? Кімге қол ұшымды создым?» деген сұрақтарға жауап бере алсаңыз, яғни, сіздер бұл қоғамға өз пайдаларыңызды тигіздіңіздер,- деді лектор.
Сөз барысында қадірлі мейман Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің қызметіне баса назар аударды. Ол 1940 жылы құрылған Қазақстандағы ең үлкен мұражайлардың бірі. Қазіргі уақытта мұражай – Абай облысының Семей қаласы, Абай және Үржар аудандарындағы қазақ халқының белгілі тұлғаларына арналған 8 мұражайдың басын біріктіріп, мойындалған рухани орталық. Мұражай қорында 21 мыңнан астам экспонат бар, ғылыми кітапханада 16 мыңнан астам басылым сақталған.
-Жақында Өзбекстанның Бейнелеу өнері галереясында «Абай. Бауырлас халықтардың мұрасы» тақырыбында халықаралық көрме өтті. Бұл көрме – екі ел арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадамның бірі. Ұлы ақынның шығармашылығындағы Әлішер Науаидың рөлі, Абай өмірінің негізгі кезеңдері, Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Е.Сидоркин, Н.Өтепбаев және тағы басқа суретшілердің туындыларындағы Абай туралы сюжеттер қамтылған. Біз Абайдың жеке басын, тұрмысын және шығармашылығын көрсетуге тырыстық. Бұл Өзбекстан елінде ұйымдастырылған мұражайымыздың алғашқы көрмесі болатын,- деді.
Айта кететіндігі, Абай жерінің басты мұражайларының бірі жақын арада ұлттық мәртебеге ие болады.