Шәкәрім университеті тарапынан жастардың өсіп-өркендеуіне, білім мен ғылымды меңгеру арқылы тұлға болып қалыптасуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Материалдық-техникалық базаның беріктігі мен дамуының арқасында университет ұжымы білікті мамандарды оқыту мен тәрбиелеуде көптеген жұмыс атқарып, соның жемісін көруде. Сонымен қатар білім ордасында жастардың талапқа сай білім алуларына нақты мүмкіндіктер беріліп отыр.
Осы орайда 17 ақпан күні университет басшысы Б.Ердембеков Гуманитарлық-экономика факультетінің №8 оқу корпусына жұмыс сапарымен барып қайтты. Жұмыс сапары барысында Бауыржан Амангелдіұлы факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттермен кездесіп, жаңадан ашылған оқу кабинеттерімен танысты. Жаңа аудиториялар оқу процесін ұйымдастыруда, оқу барысын оқушылар мен оқытушылар үшін неғұрлым қызықты, нәтижелі етуге мүмкіндік береді.
«Педагогика және психологияны оқыту әдістемесі», «Тренинг және кеңес беру алаңы», «Педагогикалық шеберлік» оқу кабинеттері университет қорының қамтамасыз етуімен және кафедра оқытушыларының қатысуымен ашылды. Кабинеттер қажетті оқу-әдістемелік құралдармен, психологиялық-педагогикалық ғылыми әдебиеттермен толық қамтылған.
Уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын оқу ошағы алдағы уақытта да студенттерін қуантуды жалғастыра бермек. Сонымен қатар, Б.Ердембеков оқу корпусының ғимаратын тексеріп, инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тапсырмалар берді.