Шәкәрім университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмед-Заки Дархан жұмыс сапарымен келіп, оқу орынның ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысып шықты.
Дархан Жұмақанұлы алдымен «Радиоэкологиялық зерттеулер» ғылыми орталығында болды. Орталық химиялық талдауды, сканерлейтін электронды микроскопияны, дозиметрияны, радиациялық бақылауды қамтитын аналитикалық әдістермен заттардың қасиеттерін зерттейді. Орталықта бірнеше зертханалар бар. Олардың қызметі аймақтың радиоэкологиялық қауіпсіздігін зерттеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, вице-министр «Материалдардың бетін түрлендіру» ғылыми-зерттеу орталығының тыныс-тіршілігін көріп қайтты. Зерттеу орталығы ғылыми идеяларды жүзеге асыратын физика, математика, информатика, химия мен инженер бағытындағы жас мамандарды біріктіреді. Аталған орталықтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру ғылыми жобалары іске асуда.
-Ғылыми-зерттеу орталығын құру Шәкәрім университеті мен «PlasmaScience» ЖШС арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде ғалымдар мен мамандардың күш-жігерін үйлестіруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда аталған орталықта жалпы сомасы 450 млн. теңгеге жуық 6 жоба іске асырылуда,- деді Шәкәрім университетінің басшысы Думан Орынбеков.
Өз кезегінде Дархан Жұмақанұлы өңірлік ЖОО-ның атқарылған жұмыстардың ауқымды екендігін айтып, университеттің ғылыми әлеуеті зор екендігін ерекше атап өтті.