Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 желтоқсан 2024отчет ректора

2025 ЖЫЛ – SHAKARIM UNIVERSITY ЖАС ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ, СТУДЕНТТЕРІНІҢ, СЕРПІНДІ ТЕХНОЛОГИЯЛАР МЕН ИННОВАЦИЯЛАР ЖЫЛЫ.

"ЖасStar" коворкингінде Ректор Думан Орынбеков 2023–2024 оқу жылындағы қызмет қорытындысы туралы есеп берді.  Кездесудің тікелей көрсетілімі университеттің Youtube арнасы арқылы жүргізілді. 

 

Жиынға Абай облысы әкімінің орынбасары,  қоғам қайраткерлері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, саяси партия өкілдері,  университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылар, жұмыс берушілер, ата-аналар, өңірдегі оқу орындарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

 

2024 жыл стратегиялық бастамаларды енгізіп, басқару мен дамудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру жылы болды. Осы нәтижелер университетті еліміздің ұлттық университеттері деңгейіне көтерді, халықаралық рейтингтердегі орнын нығайтты және инфрақұрылымды түбегейлі өзгертті.

 

2024 жылдың қорытындылары: Негізгі жетістіктер                                                                    

Халықаралық рейтингтерде

QS Stars Rating System «Білім беру», «Жұмыспен қамту», «Басқару», «Әлеуметтік ықпал», «Күшті бағдарлама» («Химия-Биология» бағдарламасы) бойынша 5 жұлдыз. «Инфрақұрылым», «Әртүрлілік, теңдік және инклюзивтік», «Академиялық даму», «Халықаралық серіктестік» бойынша 4 жұлдыз.

QS Asia University Rankings 2025: Азия елдерінің үздік  501-520 университетінің қатарына енді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 орынға жоғарылады. Рейтинг Азияның 25 елінен 984 университетті бағалады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 142-ге көп.

UI GreenMetric World University Ranking: Әлемдегі экологиялық таза университеттер рейтингінде 662-орын, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштерді 150 орынға жақсартты, қазақстандық жоғары оқу орындары арасында - 8-орын.

Алғаш рет Орталық Азия бойынша беделді QS Sustainability Rankings рейтингінде: «EnvironmentalResearch» және «Health&Wellbeing»б – 1-орын, әлеуметтік ықпал – 3-орын, экологиялық әсер – 7-орын. әлемдегі университеттерді басқару бойынша  416- орын.

Институционалдық аккредитация 7 жылға берілді.

76 білім беру бағдарламалары аккредитациядан өтті.

Халықаралық жоғары оқу орындарымен - 36 серіктестік келісімдерге қол қойылды.

Бес факультет - 3 - Зерттеу Мектебіне, 6 - Жоғары Мектепке өзгертілді.

 

Инфрақұрылым: Жаңа деңгейдегі жайлылық пен функционалдық

2024 жыл – университет инфрақұрылымын дамытудың бетбұрысты жылы болды. Университет нысандарының қаншалықты ауыр жағдайға жеткенін түсіну үшін, олардың трансформациясының әрбір қадамы нөлдік деңгейден бастап толық аяқталғанға дейін хаттамаланды.

Осылайша, ұзақ консервациядан кейін пайдалануға берілді: бұрынғы «Юность» асханасы қазір заманауи және жайлы «ЖасStar» Сo-working орталығы, Ескі бекіністегі Оқу базасы, АгроБиолаборатория.

Жылдар бойы консервацияда болған нысандарға қайтадан жан бітті. Ерекше өзгерістерге ұшыраған нысандар қатарында Спорт кешені, Инжиниринг орталығы және Агротехнопарк бар.  

Ректордың аналитикалық есебінде жиі қолданылған «алғаш рет» деген сөздер оқу ғимараттары мен студенттер үйлерінде орнатылған өрт дабылы, бейнебақылау жүйесі, дыбыстық хабарлама жүйесіне қатысты айтылды.

Алғаш рет №1 жатақхананың  3-подъездіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 3 подъездің екеуіндегі лифт толық жаңартылды. Үшінші блоктағы 32 бөлме толық жөндеуден өтті: жылыту жүйесі жаңартылды, электромонтаж және әрлеу жұмыстары жүргізілді, ас үй және киім шкафтары орнатылды, сантехника, жуынатын бөлмелер, ванна жаңартылды. Бұл бөлмелерді жас оқытушылар мен ғалымдарға жалға берілетін тұрғын үй ретінде пайдалануға шешім қабылданды.

«ЖасStar» Co-working жылыту жүйесі, электр кабельдері мен рубильниктер толық ауыстырылды. Өртке қарсы дабыл жүйесі мен бейнебақылау жүйелері орнатылды. Қабырға, төбе, едені толық жөндеуден өтті. Терезелер мен санитарлық тораптар жаңартылды. Универсиеттің жиһаз жасау цехында арнайы дайындалған үстелдер, орындықтар және шкафтар орнатылды.

№2 Спорттық кешеннің  барлық төрт залына, шахмат кабинетінің шешіну бөлмелеріне, атриумдарға, баспалдақтарға толық жөндеу жүргізілді. Ішкі есіктер мен жиһаздар жаңартылды. Спорттық жабдықтар алмастырылып, заманауи тренажерлар орнатылды.

Есепке сәйкес, өзгерістер қадамдары әрбір оқу ғимараты мен студенттер үйін әртүрлі деңгейде қамтыды деп қорытынды жасауға болады: кіреберіс топтарының қайта құрылуы (бас ғимарат), автотұрақ аймағын жөндеу (және алғаш рет), сондай-ақ алғаш рет бас ғимаратқа су сорғысы стансасынан су құбырын алмастыру, шатыр асты бөлмелер, кабинеттер, шатырлар, фойе, жаяу жүргіншілер жолы, кәріз жүйелері, шатыр жабыны және басқа да көптеген жұмыстар жүргізілді."

Ректордың баяндамасында айтылғандай, тап отырған мәселелер мен қиындықтар жүйелі және батыл шараларды қажет етеді. Алайда, инфрақұрылымды дамытпай, бұл өзгерістер мүмкін емес. Инфрақұрылым – бұл ғылым мен білімнің бәсекеге қабілеттілігі қалыптасатын іргетас».

Ғылыми қызмет: айтарлықтай өскен көрсеткіштер

Қазіргі уақытта университетте жалпы сомасы 4,7 млрд теңге болатын 52 ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

Инжиниринг орталығы заманауи жабдықтармен толық жабдықталған. «Радиоэкологиялық зерттеулер» ҒО қазіргі таңда ішінара жабдықталған. Агротехнопарк қазіргі заманғы Полимеразалық тізбек реакция және Микробиологиялық зертханалармен қамтамасыз етілген.

Shakarim University-дің 90 жылдығы аясында өткен бұл есеп беру кезеңі университет үшін даму, жауапкершілік және шешім қабылдау тұрғысынан маңызды сынақ болды. Сондықтан да терең талдаулар жасалды. Оның негізінде өршіл бағыттар ұсынылды, олардың қатарына мынадай стратегиялық міндеттер кіреді.

1. Жас ғалым қаржыландыруға, зертханаларға және халықаралық сараптамаға қол жеткізе алатын Жастар ғылымының Инновациялық орталығын құра отырып, Жаңа ғылыми элитаны қалыптастыру.

Цифрландыру, биоэкология, агротехнология, инженерлік инновациялар бағытында 15 ғылыми стартап іске қосылады.

Кадрлық жаңарту және жас оқытушыларды қолдау бағдарламасын енгізу арқылы даму траекториясын жекешелендіру: жарияланымдар, гранттар, тағылымдамалар.

Қазақстан мен шетелден 20 жоғары білікті жас ғалымдарды тарту.

2.Әлеуметтік және қаржылық ынталандыру: Үздік зерттеушілер мен оқытушылар үшін гранттар мен жалақы үстемелері беріледі.

3. Шетелдік студенттер үшін университеттің тартымдылығын арттыру мақсатында 2025-2026 оқу жылына арналған цифрлық инженерия, технологиялық процестер қауіпсіздігі, азық-түлік шикізаты мен өнімдерінің қауіпсіздігі, ядролық реакторлар және энергетикалық қондырғылар саласындағы мамандарды даярлау бойынша 3 жаңа білім беру бағдарламаларын ағылшын тілінде әзірлеу, кейіннен осы бағдарламаларды қазақстандық және шетелдік студенттер үшін ағылшын тілінде оқытуға бейімдеу.

4. Профессорлық-оқытушылық құрамның тілдік құзыреттілігін арттыру: ағылшын тілін қарқынды түрде тереңдетіп оқыту үшін 75 оқытушыдан тұратын пул құрылады, кейіннен тестілеу жүргізіледі. Таңдау кадрларды даярлайтын мамандар арасынан жүргізіледі.

 

Shakarim University-дің өңіріміздің ғылым, білім және инновация орталығы болатыны  күмәнсіз

Ректор Думан Орынбеков атап өткендей «2024 жыл Shakarim University-дің инфрақұрылымдық ауқымды трансформациясымен есте қалады.  Бірақ келесі жыл біздің ойларымызды, болашаққа деген көзқарасымызды өзгертуден басталуы керек. Біз жіберіп алған мүмкіндіктер «мұрасын» еңсердік. Нысандарға жаңа тыныс беріп,  олардың мазмұнды болуына қол жеткізе алдық. Бұл тек бастамасы. Инфрақұрылым – бұл өсу, даму және әрқайсымыздың жетістігіміздің көрсеткіші. Бүгінгі есеп беру кездесуінің дәл осы коворкинг-орталықта өтуі де кездейсоқ емес. Бұл орын – өзгерістердің символы. Мұнда ескі дәуір аяқталды. Енді жаңа дәуір басталады. Біз жаңаны қабылдаймыз».

 

Shakarim University 2025 жылды «Shakarim University Жас Ғалымдарының, Студенттерінің, Серпінді технологиялар мен Инновациялар жылы» ретінде өткереді.

 

Бұл әр қадам алға қарай ұмтылысымызды білдіретін  және әрбір кедергі, қиындықтарды қызметкерлер міндетті түрде еңсеретін жыл болады.