Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 тамыз 2024думан орынбеков

29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні Shakarim University ректорының профессор-оқытушылар құрамына, студент жастарға арналған үндеуі

 

Құрметті әріптестер, қадірлі студенттер!

Бүгін еліміз қазақ халқының ұлы жеңісінің символы болып табылатын атаулы күнді атап өтуде. 2024 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 33 жыл толып отыр. Бұл дата еліміздің тағдырын мәңгіге өзгертті, жаһандық антиядролық қозғалыстың басталуына негіз болды.

1989 жылғы 20 ақпанда сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев КОКП ОК бас хатшысы М.С. Горбачевке антиядролық шифрограмма жіберді. Бұл шын мәнінде батыл қадам болды, ол тек қарсылық білдіріп қана қоймай, сол кездегі қатал партиялық бақылау мен цензура жағдайында да шындық пен әділдік үшін күресуге, халықтың қауіпсіз және салауатты болашаққа деген құқығын қорғауға болатынын көрсетті. Бұл шифрограмма біздің өңіріміздегі атом қаруын сынауға қарсы шыққан алғашқы қарсылықтың көрінісі және қазақстандықтардың бірігуіне катализатор болды.

Бұл 1989 жылдың 20 ақпаны еді. 29 тамызға дейін жарты жыл ғана қалған еді, бірақ дәл осы алты ай полигонды жабуға арналған күрестің шешуші кезеңі болды. Осы уақыт ішінде Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Қазақстанның, бүкіл әлемнің миллиондаған адамдарын біріктірді және олардың күш-жігері тарихи шешімге – полигонда ядролық сынақтарды тоқтатуға алып келді.

Семейдегі «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешені бізге бейбітшіліктің қандай құрбандықтармен келгенін және оны сақтап қалу қаншалықты жауапты міндет екенін еске салады. «Өлімнен де күшті» – бұл жай ғана символ емес, бұл бейбітшілікті қорғау керек деген үндеу. Балапанына қалқан болған ана бейнеленген мәрмәр мүсін біз бейбітшілікті сақтау жолындағы талпыныстарымызда көрсетуге тиісті табандылық пен батылдықты бейнелейді.

Shakarim University-де сол қайғылы жылдардың ащы тарихын бойына сіңірген жандар қызмет етіп, сол тарихты мұра еткен, қауіпсіз, әділ және ядролық қауіп-қатерден азат жаңа болашақ құруға бел буған жас буын білім алуда.

Семей полигонын жабуға күрескен батырлардың ерлігі біздің қауіпсіз болашақты құру жолындағы сенімді іргетасымыз болып қала бермек. Бұл оқиғаның естелігі әрдайым бізге бірлік, батылдық пен табандылық бейбітшілікті қорғап, оны ұрпақтар үшін сақтау мүмкін екенін еске салып тұрсын.

Құрметпен,
Думан Орынбеков