Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 желтоқсан 2021

АЙМАҚТЫҚ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ: УАҚЫТ ТАЛАБЫ ЖӘНЕ НАҚТЫ ҚАДАМДАР

Ғылымның қоғамдық өмірдің барлық салаларында жетекші орынға ие екені белгілі. Оның кепілі жоғары оқу орнының нық базасы болып табылады. Уақыт талабы да назары да осы жоғары білім беру құрылымында, оның базасын нығайтудағы шешуші қадамдарында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандық білім мен ғылымның алдында ауқымды, кезек күттірмейтін міндет тұр – тек жаңа тенденцияларға ілесіп қана қоймай, сонымен қатар бір қадам ілгерілеп, тенденциялар қалыптастыру қажет», – дегені де сондықтан.
Бүгін Шәкәрім университетінің басшысы профессор Б.А.Ердембеков оқу орнының осы талап мүддесіндегі жыл бойғы жоспарлы, нық қадамдарын саралап берді. Кеңейтілген Ғылыми кеңеске жергілікті атқарушы органдар, ардагер ұстаздар, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы және өңірлік БАҚ өкілдері шақырылды.
Игі шара университет басшысының білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметі мәселелері бойынша 2021-2022 оқу жылындағы есеп беру форматында ұйымдастырылып, жыл қортындысы жасалды.
Кездесуде университет басшысы өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар университеттің оқу, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық, әлеуметтік, тәрбиелік қызметіне жан-жақты талдау жасап, жетістіктерді атап өтті. Сондай-ақ ғылыми әлеуетті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.
Қазіргі таңда Шәкәрім университеті білім беру сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастық, тәрбие, университеттің кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударып келеді. Түлектер мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері, жұмыспен қамту нәтижелері және ББ-ға сұранысты талдау бойынша Шәкәрім университетінде іске асырылатын ББ тізбесі қайта қаралды. Бакалавриат деңгейі бойынша 79 болса, жаңа оқу жылында 52, магистратура деңгейі бойынша 47, докторантура бойынша 10 болды. Қызметкерлерді материалдық ынталандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің еңбекақысы өсірілді. Мәселен, Білім және ғылым министрінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйекте ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақы көлемі көбейтілді. Ағымдағы жылдың 3 тамызында БАҚ мен университет сайтында ПОҚ-ның бос лауазымдық орындарына конкурс жарияланған болатын. Нәтижесінде оқытушы, аға оқытушы, қауымдастырылған профессор және профессорлардан тұратын жиыны 114 бос орынға 195 өтініш берілді. ЖОО-дағы білім беруді интернационалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, халықаралық серіктестермен қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша дайындық жүзеге асырылып, серіктестіктің алғашқы түлектері дипломдарын алды. Академиялық дербестікті ұтымды қолданып, әлеуметтік серіктестікті жолға қоя білдік. Отандық маңызға ие «Семей Инжиниринг» сияқты ірі кәсіпорындармен, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Польша, Түркия, Ресей, Украина, Грузия, т.б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарымен маңызды меморандумдарға қол қойылды. Сонымен бірге шетелдік университеттермен академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мәселен, Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика Университетінде 13 студент білім алып жатса, Түркия еліне екінші семестрде 16 студент аттанбақ. Жаңа оқу жылында алғаш рет жаңа 13 minor білім бағдарламасы әзірленді. Білім беру процесіне дуалды оқыту элементтерін енгізуге және өндірістен тәжірибелі практиктерді тартуға да назар аударылды. Халықаралық ынтымақтастық орталығында «KazDUAL» дуалды оқыту зертханасы ашылды. Бүгінгі нарық білім алушылар мен түлектерден hard және soft skills дамуының жоғары деңгейін талап етеді. Осыған сәйкес сабақтарды өткізу форматына, қолданылатын әдістерге, білімді бақылау әдістеріне және т.б. қойылатын талаптар қайта қаралды. 2021 жыл «Ғылымды дамыту» жылы деп аталып, ғалымдарымыз 215 747 804 млн теңгені құрайтын 10 гранттық жобаны жүзеге асыруда. 8 әріптесіміз «қауымдастырылған профессор» атағын, 5 ғалым PhD дәрежесін иеленді. 7 ғылыми диссертациялық жұмыс қорғалды. Жас ғалымдарымыз SUR-PLACE Конрад Аденауэр атындағы (Германия) стипендиясының иегері атанды. «Техникалық физика» мамандығының докторанты Жұмабеков Асхат «Әлем ұстазы ТОП-50» Global Teacher Prize байқауына қатысты. Шәкәрім университетінің өзіндік үлгідегі дипломының жаңа дизайны бекітілді. Академиялық адалдық мәдениетін дамытуға бағытталған емтихан формасы енгізілді.
Бүгінгі есеп беру жиынында университет басшысы жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы, университет құрылымдарын оңтайландыру жұмыстары жөнінде баяндап, жоғары оқу орнының болашақта тұрған міндеттерін айтты.
Тұңғыш рет Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған көпфункционалды Web сайт жасақталды www.shakarim.kz . Білім алушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында оқу орнында «Шәкәрім жастары» интеллектуалды орталығы ашылды. Орталықта 63 500 000 теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылуда. Тұңғыш рет университетте жатақханаға тіркеу онлайн режимде жүргізілді. Жастардың ахуалын диагностикалау арқылы студенттердің үлгерімін анықтайтын KPI жүйесі енгізілді. Цифрландыру мақсатында университет Smart Shakarim мобильді қосымшасын іске қосты. Педагогикалық қайта даярлау, «Күміс университет», жаппай ашық онлайн курстары https://mooc.semgu.kz жүзеге асырылды. Білім ордасының барлық факультеттерінде көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, жетім және мүмкіндігі шектеулі студенттердің саны туралы мәліметтер жүйелі түрде жиналады. Мысалы, 2021-2022 оқу жылында 66 студентке жеңілдіктер берілді. Оқу орнында «Шәкәрім шапағаты» қоры, «Семей рухы» кешендік жобасы жұмыс істеуде. Қордың қызметі аясында Қ.Шаяхметов, Ә.Молдажанова, С.Маусымбаев, Е.Төлеуов, С.Дюсембаевтар атындағы кабинеттер мен бас ғимарат іргесіне профессор Н.Әпсәлемовқа арналған мемориалдық тақта ашылды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі шара» аясында болашақ қаржыгерлерді дайындайтын «Training centre» оқу орталығы, К.Әльмухаметов атындағы хирургиялық блок, «Семей Инжиниринг» АҚ базасында «Технологиялық жабдықтар және машина жасау» кафедрасының оқу-өндірістік филиалы, ШҚО «Enactus» бағдарламасының өңірлік кеңсесі, тарихшы-ғалым, археолог А.Исиннің ғылыми кітапханасы, «Shakarim Parasattylyq ordasy» кабинетінің тұсауы кесілді. Облыстық «Жыл таңдауы» номинациясының үшеуін шәкәрімдіктер иеленді. Психологиялық қызмет көрсету орталығы, Шәкәрім университеті жанында әлеуметтік тігін цехы ашылды.
Жиында университет ректоры Б.Аманкелдіұлы ұстаздар мен құрылымдық бөлім басшыларын, әлеуметтік серіктестерді алғыс хаттар мен ,,Шәкәрім,, медалімен марапаттады. Кеш соңы ағымдағы жылы бекітілген «Шәкәрім маршы» әнімен аяқталды.