Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі06 қыркүйек 2024ректор

ДӘСТҮРЛІ РЕКТОР ДӘРІСІ

Бүгін Shakarim University  ректоры Думан Орынбеков оқу орнының табалдырығын жаңа аттаған бірінші курс студенттеріне «Жаһандық сын-қатерлер алдындағы жетістік жолы» тақырыбында дәріс өткізді. Дәріс кезінде университет ректоры жаңа  ғана студент атанған жастарды оқу ордасының терең тарихымен, жетістіктерімен таныстырып, білім мен ғылымның киелі ордасына айналған университеттің ұстанымы «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман, яғни, Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру» екенін атап өтті.

 

Дәрісте бүгінгідей ақпарат ағыны аса қарқынды тарап жатқан заманда адам өзіне керегін алып, керексізін ысыра білуі, оқыған ақпаратқа сыни ойдың қалыптасу керектігі, ғаламторға шексіз қолжетімділіктің де кейде қатер төндіретін кезі болатынын жеткізіп, «жалпы, жаһандық сын-қатерлерді қалай жеңуге болады?» деген сауалды ортаға тастады. Бұған берген жастардың «білім-ғылыммен   жеңеміз» деген жауабынан соң, негізгі тақырып  түйіні шешілген жіптей тарқатылып жүре берді.

 

Келесі кезекте еліміздің технологиялық тәуелсіздігі мәселесін қозғап, жастардың бұл тақырыпты да ой елегінен өткізуіне жағдай жасады.  «Сіздер мемлекетіміздің  даму жолына түскен кезде дүниеге келіп, елімізбен бірге өсіп келе жатқан ұрпақсыздар.  Заман күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр. Технологиялық тәуелсіздік  мәселесі елдің дамуына кері әсерін тигізеді.   Қазақстанның технологиялық дамуы болашағымыз үшін өте қажет. Сондықтан технологияны, экономиканы дамыту қазір сіздер мен біздерге байланысты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді»- деген болатын.  Сол үшін талмай оқу, іздену, ғылымға ден қою керек»- деді ол. Бұл ретте «Еліміздің болашағы - жастар» деп жиі айтылатын тіркестің мәніне үңілтті.  

 

Сонымен қатар, Думан Рымғалиұлы рухани құндылық, адамгершілік, өзара сыйластық, еңбекқорлық, табандылық, жауапкершілік сынды ұғымдарды Шәкәрімнің «Ар білімі» тұрғысынан түсіндірді.

 

Студенттермен ашық әңгіме  түрінде өткен сабақ барысында жастар оқу орнының басшысына өз сауалдарын қойса, ректор да жастардың сұрақтарына бүкпесіз жауап берді.