Бүгін Шәкәрім шаңырағының Филология факультеті, "Қазақ филологиясы және журналистика" кафедрасының ұйымдастыруымен Абайдың ақын шәкірті Әріп Тәңірбергенұлының туғанына 165 жыл толуына орай "АЛАШТЫҢ АҚИЫҒЫ- ӘРІП АҚЫН" тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлымен сыр-сұхбат өтті.
Бүгінде абайтану саласындағы зерттеулерімен белгілі ғалым, университетіміздің Басқарма төрағасы-Ректор
Б.А. Ердембеков ғылымдағы қадамын Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылық өмірінбаянын зерттеуден бастаған.
2001 жылы «Әріп ақын» атты монографиясы жарық көрген.
Одан кейінгі жылдарда Абайдың әдеби ортасын зерттеп, зерттеу аясын кеңейткен ғалым Әріп ақын шығармашылығын әр кез зерделеп отырды.
«Алаштың ақиығы ‒ Әріп қыран», «Тәңірбергенұлы Әріп. Шығармалары» жинағы, "Ә.Тәңірбергенұлының әдеби мұрасы" оқу құралы т.б. еңбектері жарық көрді.
Кездесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлы Әріп Тәңірбергенұлының өмірі мен шығармашылығының қилы кезеңдері және Абайдың ақындық мектебіндегі Әріп ақынның орны туралы айтып берді. Сонымен қатар ғалым өзінің Әріп Тәңірбергенұлы және Абайдың ақындық мектебі туралы жасаған ғылыми зерттеу еңбектерінің де жазылу тарихы мен материал жинау сәттеріндегі қызықты әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ қазіргі жастардың ғылымға келу жолы мен қазіргі ғылыми – зерттеу бағыттары туралы да айтылды.
Болашақта Әріп Тәңірбергенұлы атындағы музейдің ашылуы керек екендігін айтты.
Студенттер мен магистранттардың қызығып, ортаға салған сұрақтарының бірі «Біржан-Сара» айтысы төңірегінде болды. Ғалым Әріп Тәңірбергенұлының «Біржан-Сара» айтысына байланысты ғылыми ортада әртүрлі қарастырылып жүрген мәселелердің түйінін шешіп, түсіндіріп берді.
Сыр-сұхбат кездесуі үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім ғалымның зерттеу еңбектері мен ғылыми ізденістері туралы болса, екінші бөлімде жалпы қазіргі ғылым дамуы мен сол ғылымды өркендетуге тұғыр болатын білім алу, тәрбие мәселесі де қозғалды.
Осы арада Бауыржан Аманкелдіұлы Шәкәрім универсиетінің басты миссиясы - кемел білімді «толық адам» болу үшін де, өзінің алдына мақсат қоя алатын және соған жету жолында аянбай еңбектенетін жастардың қуат-күшін біріктіру керек екенін айтты.
Үшінші бөлімде «еркін микрафон» алған жастар ғалым ағаларына Әріп Тәңірбергенұлы, абайтану, қазіргі зерттеу негіздері және жалпы өздерін мазалап жүрген қоғамдық-әлеуметтік тақырыптарда сұрақтар қойды. Бауыржан Аманкелдіұлы жастардың барлық сұрақтарын мұқият тыңдап, толық жауап беріп, олардың кейбір мәселелерді шешуде белсенді болулары керек екеніне назар аудартты.
Сыр-сұхбатты екінші курс магистранттары Айбек Жеңісқазин мен Жақсылық Асқарбек жүргізді.