Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қазан 2021

ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

19 қазан – Құтқарушылар күні. Қазақстан егемендік алғанға дейін елде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған. Мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Биыл Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің халыққа қалтқысыз еңбек етіп келе жатқанына 26 жыл толып отыр.

Атаулы күнге орай Шәкәрім университетінде Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшылығымен кездесу өтті. 

Екі жақты кездесу барысында Инженерлік-технологиялық факультетінің «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасының студенттері алғашқы медициналық және дәрігерге дейінгі көмек көрсету тәсілдері бойынша шеберлік сыныбын ұйымдастырды.

Басқарма төрағасы, профессор Б.Ердембеков пен Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы,  азаматтық қорғау подполковнигі Т.Дюсебаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты кәсіпорынның өндірістік жағдайларының талаптары мен ерекшелігіне жауап беретін  «Өндірістегі гигиена және табиғатты қорғау», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламалары кадрларын даярлау бойынша ұзақ мерзімді байланыс орнатып, дуалды білім беру жүйесін бірлесе жетілдіру.

Университет басшысы Бауыржан Аманкелдіұлы, бүгінгі құтқарушылардың түрлі апат салдарын жойып, халық үшін ерен ерліктің үлгісін көрсетіп жатқандарын ерекше атап, Басқарма басшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірлесе атқаратын ортақ жұмыстарға сәттілік тіледі.