Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қыркүйек 2021

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ "ДАРИҒА-АЙ" ТЕАТРЫНДА

Бүгін Басқарма төрағасы Б.Ердембековтің бастамасымен университетіміздің  құрылымдық бөлім басшылары мен профессор-оқытушылар құрамы "Дариға-ай" жастар театрының қойылымын тамашалады.

 «Дариға-ай» жастар театры өзінің 23 театр маусымын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шәкәрім. Жолсыз жаза» қойылымымен ашты.
Бұл қойылым Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша жаңаша форматта сахналанған туынды.

Пьесаны тамашалаған университет басшысы Б.Аманкелдіұлы театр қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
"Бүгін міне біз "Дариға-ай" театрының кезекті қойылымын тамашаладық. Театр ұжымы жоғары деңгейде ғұламаның қиындыққа толы өмірін бүкпесіз жеткізе алды. Сондай-ақ 
кез келген адамның бойында кездесуі мүмкін жаман қасиеттердің ізгі амалдардан арасы жер мен көктей екендігіне көз жеткізді. Театр мен университет арасындағы алтын көпір нығаятыны сөзсіз",- деді университет ректоры. 

Режиссер Жұлдызбек Жұманбай мен театр директоры Амангелді Бахтиновтың бірлескен еңбектерінің арқасында жарыққа шыққан пьеса бір жанның басындағы қым-қуыт оқиғаларды негізге ала отырып, адам бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді ашып көрсетеді. 

Қызметкерлерді рухани-эстетикалық тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара - ұжым мүшелерінің көңілінен шықты. 

Шәкәрімдіктердің театрға экспедициялық күндері алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.