Қараша айының 22-28 аралығында Шәкәрім университетінің делегациясы Басқарма төрағасы – ректоры Думан Орынбековтің жетекшілігімен Қытай Халық Республикасының (ҚХР) жетекші университеттеріне жұмыс сапарымен барып-қайтты.
Жұмыс сапарының мақсаты – ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және инновациялық технологиялар сияқты негізгі салаларда халықаралық серіктестікті нығайту.
Тарым университетінің басшылығымен өткен кездесуде агроөнеркәсіптік кешеннің (АПК) кең ауқымды аспектілерін қамтитын бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары анықталды. Бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырумен қатар, тараптар университеттің білім беру және ғылыми бағдарламалары аясында жұмыс істейтін арнайы зертханалар мен практикалық алаңдар құру туралы келісімге келді. Бұл зертханалар мен алаңдар азық-түлік қауіпсіздігі, жылқы шаруашылығы және сүт өнімдерін өндіру сияқты салаларда теориялық білімді практикада қолдануға мүмкіндік береді.
Шыңжаң университетінің басшылығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тараптар озық IT технологияларды дамыту, оның ішінде ірі және ұсақ малдарды жайылымға шығаруға арналған автоматтандырылған сенсорлар мен бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша бірлескен жобаларды әзірлеу туралы өзара келісімге келді. Бұл мал шаруашылығы процестерін басқарудың тиімділігін арттырады.
Сондай-ақ, делегация Ян Сюхэ Алтай колледжінде де болды. Ян Сюхэ Алтай колледжімен спорттық жылқы шаруашылығы бойынша тығыз ынтымақтастық жоспарлануда. Бұл университетіміздің студенттері мен қызметкерлерінің аталған колледждің өндірістік нысандарында тәжірибеден өтуіне жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар, спорттық туризм және қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру межеленіп отыр.
Жалпы, бұл жұмыс сапары Қытай Халық Республикасының жетекші ғылыми-білім беру және өндірістік мекемелерімен серіктестік қатынас орнату мен нығайтудағы маңызды қадам болды. Мамандар даярлау, тағылымдамадан өту және білім беру бағдарламалары саласындағы қол жеткізілген уағдаластықтар мен жоспарланған жобалар студенттер мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға негіз болады, бұл өз кезегінде университеттің білім беру және ғылыми әлеуетін арттыруға оң әсер етеді.