Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 сәуір 2022жігіт сұлтаны

ШӘКӘРІМДЕ ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ АНЫҚТАЛДЫ

Шәкәрім университетінде дәстүрге айналған «Jas Otan» ЖҚ ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті.

Ата салтын насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерімен таныстыру мақсатында өткен сайысқа 5 факультеттен және Шәкәрім жоғары колледжінен 6 үміткер қатысты.

Асыл тастан, өнер жастан және жігітке жеті өнер де аз деп бекер айтылмаса керек, серілеріміз тәнті еткен сайыс 5 кезеңнен тұрды:

«ТЕГІМДІ МЕНІҢ СҰРАСАҢ ...» - өзін-өзі таныстыруы сайысы

«БІЛІМДІ ЖҮЗДЕН ОЗАР» - сұрақ-жауап

«СЕГІЗ ҚЫРЛЫ БІР СЫРЛЫ» - өнер сайысы

«КҮШ АТАСЫН ТАНЫМАС» - күш сынасу.

«ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ» - үй тапсырмасы.

Сайдың тасындай сап түзеген сайыпқырандар қатысқан сайыстың әділ бағасын берген әділ-қазылар алқасы: 1996 жылғы Республикалық "Жігіт сұлтаны" байқауының жүлдегері Шүршітбаев Екпін Мұратұлы, айтыскер ақын, республикалық айтыс додаларының жеңімпазы Жеңісқазин Айбек және қалалық «Jas Otan»ЖҚ ұйымының төрағасы Темірлан Мақсатұлы. Сондай-ақ тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің маманы Бектенов Ерғали және Айдана би тобының негізін қалаушы, хореграф Әбілтай Айдана Айдынқызы төрелігін көрсетті.

Таныстыру кезеңінде жігіттердің білім, біліктілігі, сөз саптау, сөйлеу мәнері сыналды. Бұл кезеңде шаршы топтың алдына шығып тосылғандар да болды, арыны қатты ақындар да болды. Өз өнерін көрсетуде өзгелерден ерек болған Гуманитарлық-экономика факультетінің серісі Ержан Жұмақанов көрерменге күлкі сыйлай отырып, бар өнерімен тәнті етті.

«Жүйрік жүлдесіз қалмайды» демекші әр қатысушыға номинациялар бойынша сыйлықтар табыс етілді. Ал, ең басты – «Жігіт сұлтаны» деген атауға Жаратылыстану-математика факультетінің студенті Жұмабек Бердібек лайық деп танылды.