Университет басшысы Б.А.Ердембеков бастап оқу орынның Басқарма мүшелері бүгін Филология факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, өткен жылда, яғни оқу жылының бірінші жарты жылдығында жасалған жұмыстарды сараптап, кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды талқылады.
Студенттердің оқу үлгерімі мен тәртібі университет үшін емес, заман талабына сай өздері үшін керек екенін ұғыну керек. Әділ баға деген орташа оқитынды екпінді қылу немесе топты кілең «озат» қылу емес. Сол сияқты университет болу да студенттерді қалай да сақтау емес, шынайы маман даярлау. Білім іздеген шәкірт өзі де ілім алмай кетпейді. Ол үшін профессор-оқытушылар құрамының сапасы жоғары болу керек. Мақала жазбайтын, ғылыммен айналыспайтын оқытушы өзіне орын таппай қалатын ЖОО-ның ғана болашағы жарқын. Себебі ғалым деген жыл өткен сайын білімде іздену керек, өйткені артқы буын алғыр болса – Шәкәрім бабамыз айтқандай білімді «Алдыңғының аяғынан алмай-ақ озады». Сондықтан бәсекелестікке бейім ғалымы бар оқу орны да заман талабына сай болмақ.
Міне, осындай мазмұнда өткен жиын жыл бойы айтылып келе жатқан талаптардың күшейіп келе жатқанын танытты.
Басшылық жиын алды әдеттегідей жалпы ғимарат ахуалын, дәрісханалар жағдайын тағы бір тексеріп өтті. Алдағы жоспарлар айқын да ауқымды. Шаңырағымызға тек сәттілік тілейміз.
Осындай кездесулер аталмыш факультетте ғана емес, Ветеринария және агроменеджмент, Жаратылыстану-математика және Гуманитарлық-экономика факультеттерінде де өтті. Университет басшылығы ертең Инженерлік-технологиялық факультеттің профессор-оқытушылар құрамымен кездеседі.