Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 қыркүйек 2025тоғыз құмалақ

«Ақ бидай» VIII республикалық ауыл спорт ойындарында жүлдегер атанды

Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында «Ақ бидай» VIII республикалық ауыл спорт ойындарында  тоғызқұмалақтан жекелей сында Shakarim University Бизнес және коммуникация жоғары мектебінің тілдік коммуникация кафедрасының 3-курс студенті Әмина Әлемқызы жүлделі  III орын иегері атанды.

 

 

Ұлттық зияткерлік ойын шеберлері өзара мықтыларды анықтау үшін бір апта сайысқа түсті. Алматы облысында 16–21 қыркүйек аралығында өткен ауыл спорт түрлерінен елішілік жарыс тартысты өтті. 

 

 

Бұл додаға тоғызқұмалақтан еліміздің 16 облысынан 123 спортшы қатысты. Оның ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері –1, спорт шебері –16, спорт шеберлігіне үміткер – 64 және бірінші мен екінші разрядты (42) спортшылар бақ сынады. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 7 кезеңде өтті. 

 

 

«Ақ бидай» жобасы – ауыл спортының дамуына тың серпін беретін ерекше бастама. Ол ұлттық, жекпе-жек, күш сынасу және зияткерлік бағыттағы 20 спорт түрін қамтиды. Жарыс бағдарламасына көкпар, қазақ күресі, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, мини-футбол сынды спорт түрлері енгізілген.

 

 

 «Ақ бидай» – ауылдан шыққан жас спортшылардың шыңдалуына жол ашатын алаң: «Ел Президенті бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Спорт – ұлт саулығының кепілі. Бүгінде олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондарының басым бөлігі ауылдан шыққан. Сол себепті «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары – ауыл жастарының рухын көтеретін маңызды аламан»- деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Достықұлы Таңатаров.

 

 

Бұл жарыс ауыл спортшылары арасындағы ең ірі республикалық дода ретінде тоғызқұмалақтың дамуына және ұлттық спортты насихаттауға зор үлес қосты.