Абай облысы, Жаңасемей ауданы Көкентау археологиялық кешенінде «Археологиядағы пәнаралық зерттеулер» тақырыбында жас ғалымдардың Халықаралық далалық зерттеу жұмыстары өтті.
«Археологиялық пәнаралық зерттеулер» 29 шілде мен 7 тамыз аралығында «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ҚР ҒЖБМ ҒК Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.
Бұл Халықаралық зерттеулер Шәкәрім университетінің заманауи зерттеу әдістерін кеңінен қолдана отырып, жас мамандардың археологиялық ескерткіштерді кешенді зерттеу әдістерін тәжірибелік түрде дамытуға бағытталған ғылыми білім беру курсын ұйымдастырудағы тәжірибесі болып табылады.
Халықаралық жас ғалымдардың қатысуымен өткен зерттеу жұмыстарына Әзербайжан ҒА Археология және антропология институтының, Беларусь ҒА Тарих институты Археология бөлімінің, Питсбург университетінің (АҚШ), «Жібек жолы» университетінің (Өзбекстан), Ленинград мемлекеттік университетiнiң (Ресей), Х. Досмұхамбетов атындағы Атырау университетінің және Инновациялық Еуразия университетінің (Павлодар қ.) археология, антропология, тарих және археозоология салаларында жұмыс істейтін студенттерi, магистранттары, докторанттары, 40 жасқа дейінгі ғалымдары мен ғылыми қызметкерлерi, оқытушылары қатысты.
Халықаралық археологиялық зерттеу жұмыстары жас мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ археологиялық зерттеулерде пәнаралық әдістерді тиімді қолдануға мүмкіндік бердi. Жазғы мектеп аясында қатысушылар археологиялық нысандарды 3D модельдеу, топографиялық карта жасауды меңгеріп, заманауи фотограмметрия әдістері мен арнайы бағдарламалар арқылы жартас бетіне қызыл бояумен салынған ежелгі суреттер мен қазба алаңдарының жоғары дәлдіктегі үш өлшемді модельдері жасалып, оларды визуалды түрде қалпына келтіру және сандық құжаттаудың негіздерін үйрендi. Геодезиялық құралдар мен ГАЖ технологияларын пайдалана отырып, нысандардың топографиялық карталары сызылып, қатысушылар тікелей дала жағдайында жұмыс істеп, археологиялық нысандарды тіркеудің заманауи тәсілдерін, остеологиялық сараптау әдістерін, сондай-ақ пәнаралық талдаудың ғылыми негіздерін тәжірибе жүзінде игердi. Мұндай кешенді дайындық жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттырып, археологиялық деректерді жан-жақты интерпретациялауға, әрі болашақ ғылыми-зерттеулерде кәсіби деңгейде жүргізуге септігін тигізеді.
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Шәкәрім университеті бірлесіп заманауи зерттеу әдістерін үйретуге бағытталған ғылыми-білім беру бағытындағы курстарды ұйымдастыру ісіндегі жобалары дәстүрлі алаңға айналуда.
Қатысушылар Халықаралық археологиялық зерттеу жұмыстарының ғылыми және практикалық маңыздылығы жоғары екендігін атап өтіп, жобаның дамуына тілектестік білдіріп, мектептің тұрақты түрде қызмет жасайтын ғылыми-білім беру курсына айналуының маңыздылығына тоқталды.
Ұлы дала археологиясы – тарихымыздың жаңа көкжиектерiнiң ашылуының жаршысы!




