Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 ақпан 2024ғылым, құттықтау

ҒЫЛЫМДАҒЫ АРУЛАР КҮНІ!

Достар және ардақты әріптестер! Бүгін дүниежүзінде айтулы мереке. Дәлірек айтар болсам, осы күн – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні.
Осынау мерекеге орай еліміздегі ғылым және жоғары білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша қыз-келіншектерді өзімнің және министріліктің атынан шын жүректен құттықтаймын!
Белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің:
Әйелден асқан ғалым жоқ,
Әйелдей маржан, жақұт жоқ,
- деген тамаша тіркестері текке айтылмай, бүгінгі мереке иелерінің болмысын шын сипаттап тұрғандай. Ғылымның жұдырықтай жұрнағын ұстаған ғалым әйелдер еліміздегі жоғары оқу орындарында, ғылым институттарында, зерттеу алаңдарында үздіксіз еңбек етіп келеді.
Бұл мереке 2015 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясының бекітуімен аталып өтуде. Айшықты мейрамның баршамыз үшін орны бөлек екені ақиқат. Өйткені, нәзік жандылардың адамзат алдындағы жауапкершілігі жоғары. Ұлтты ұшпаққа шығарып, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар әйелдер қауымына әлем қарыздар десем, артық айтпағаным болар.
Қазақстанда 22 456 ғалым болса, оның 9 691-і әйелдер қауымы. Бұл – әлбетте үлкен жетістік.
Тарихымызға зер салар болсақ, қаншама ғалым әйел-аналар ел тарихына, ұлт мүддесіне қызмет еткенін аңғару қиын емес. Бір ғана мысал, Қазақтың тұңғыш әйел дәрігері – Аққағаз Досжанова. Ол 1893 жылы Торғай облысы Ақтөбе уезі Бөрті болысында туған. А.Досжанова оқуын бiтiрген соң медицина мамандығы бойынша гинекология және педиатрия саласында қызмет еткен.
Сонымен қатар халқымыздан шыққан тұңғыш геолог әйел-ғалым – Патшайым Тәжібаева. П.Тәжібаеваның геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы.
Міне, біздің өткеніміз осындай тұлғалармен жарқын әрі үлгі боларлықтай.
Кешегі Аққағаз, Патшайымдай тұлғалардың ізбасары ретінде Закарья Күнсұлу Дальтонқызын атап өтпеске болмас. К.Дальтонқызы Covid-19 қарсы қазақстандық QazVac вакцинасын жасап шығарып, отандық медицинаға қомақты үлес қосқан ғалым. Оған қоса Күнсұлу ханым жақында ғана әлемнің ТОП ғалымдары қатарына енді.
Бұл ретте Ф.Г.Фесенкова атындағы астрофизика институтының зертхана меңгерушісі Шестакова Любовь Илларионовнаны атап өтудің реті келіп тұр. Любовь Илларионовна – уақыт белдеуінің адам биоритміне әсері туралы зерттеулер жүргізген білікті ғалым.
Міне, достар, біздің өткен тарихымыз бен бүгінгі жасампаз заманымыздың әйел-аналары осындай қабілетке ие болғаны баршамыз үшін зор мақтаныш және бұл ғылымдағы әйелдердің бір легі ғана.
Осынау даталы күнде ғылым және жоғары білім саласында табанды қызмет атқарып жүрген әйелдер мен қыздарымызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Батыр да, ғалым да, алып та анадан туады демекші, сіздер алаштың атын асқақтатып, отандық ғылымның дамуы жолында аянбай қызмет етіп келесіздер. Сіздер салған сара жол шыңға шығып, биік белестерді бағындыратынына кәміл сенемін. Ерен еңбектеріңіз еселеніп, толымды табыстарға кенеле бергейсіздер! Мереке құтты болсын!
Құрметпен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек