«Цифрлық дәуір мен жасанды интеллект заманында Абай туралы қалай сөйлеуіміз керек?»
Дәл осы өткір сауалмен сөз бастаған бастаған профессор, педагогика ғылымдарының докторы, абайтанушы Гүлтас Құрманбай 23–24 мамыр күндері Shakarim University базасында өткен «Абайдың Толық адам ілімі: Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» Республикалық жастар форумында баяндама жасады.
Спикер Абай мұрасын таптаурын, ресми шаблондармен жеткізуден бас тартып, жастармен жаңа тілде, қазіргі заманға сай форматтармен сөйлесу қажет екенін ерекше атап өтті: «Егер біз Абай туралы таптаурын болған әдіспен құр айта берсек, жастарды тартпай, керісінше алыстатуымыз мүмкін. Абай — қоладан құйылған ескерткіш емес. Ол – жас ұрпаққа түсінікті және жақын болуы тиіс философ».
Баяндаманың басты өзегі – рухани мұраны жаңа тілмен, жаңа құралдармен жеткізу қажеттігі. Абай – тек тарихи тұлға емес, интеллектуалдық ресурс, оны қайта іске қосу үшін білім беру модульдері, медиа-платформалар, цифрлық контент және креативті әдістер қажет.
Гүлтас Құрманбай абайтанудың өзегіндегі басты қағида – адамға деген сүйіспеншілік екенін атап өтті.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» — бұл жай ғана поэтикалық жол емес, бұл — қазақ менталитетінің жаһандық гуманистік деңгейге шығуының коды.
«Абайда – өткеннің ғана емес, болашақтың да көрінісі бар. Біз оның сөзін тек жаттап қоймай, оны жастарды тәрбиелеу, білім беру және өзін-өзі тану жүйесінде нақты құралға айналдыруға міндеттіміз»,- деді спикер.
Гүлтас Құрманбайдың бұл мазмұнды әрі батыл көзқарасы форум аудиториясында ерекше серпіліс туғызып, ең тұжырымды баяндамалардың біріне айналды. Қатысушылар Абайға деген осындай сергек, терең, заманауи және ашық көзқарас жастарға байыпты бағдар мен зияткерлік серпіліс беретініне сенім білдірді.
Shakarim University Абай мұрасын есте сақтау нысаны ретінде емес, саналы, адамгершілігі жоғары тұлғаны қалыптастыру құралы ретінде интеграциялау жолын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

