Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 наурыз 2025шәкәрім университеті

КӨКТЕМ ШАҚЫРАДЫ! «КӨКТЕМ ШУАҒЫ» ТИМБИЛДИНГІ

29 наурыз Shakarim University-дің  оқу-өндірістік базасында командалар арасындағы тартысты сайыстың қызған күні болды. Қатысушылар бас ғимаратқа жинала бастаған кезден бастап бір-біріне жылы қабақ танытып, жарқын жүзбен жарқырай жүздесіп жатты.  Көп ұзамай жаңа орынға қарай жолға шықты.

 

 

Алдымен командалық иммунитетті қалыптастыру тренингі өтті. Жүргізушінің алғашқы сөздерінен-ақ бұл басқосуда арқаны кеңге салатын демалыс  емес,  керісінше жұмыстағы қарбалас тірлікті кез-келген жағдайда басқара алатындай байланыс қалыптасатыны түсінікті болды.

 

 

Спорттық ойындар: арқан тартыс, асық ату, волейбол, тоғызқұмалақ...  Әр команда ойынға құштарлықпен және көтеріңкі көңіл-күймен қатысты.

 

 

Әрине, құм әлі толық кеппегендіктен, аяқтан көтерілген шаң болған жоқ, бірақ орманның таза ауасын қолдап,  қошеметтеген дауыстар жаңғыртып жатты.

 

 

«Үш анық» интеллектуалды ойыны және қатар өткен квест базаны үлкен ой орталығына айналдырды. Есептерді шешу, кодтарды табу, SkillUp семинары, бағытты нүктелер  арасында жүгіру, асық ойыны, садақ ату – барлығы көктемнің шуақты күніндегі ерекше құлшынысқа толы сәт болды.    

  

 

Ойыннан біршама шаршағанмен, әлі де күш-жігерді тиімді демалысқа пайдалануды шешкен  қатысушылар өзін-өзі дамыту, өзін таныту және іштей күш алу  тақырыптарында тереңірек ойға батты.

 

 

Табиғат аясындағы NetWorking. Бәлкім, болашақ жобалар, бірлескен идеялар мен әр адамның үлкен бір істің бөлшегі екеніне деген сенімділік осындай сәттен  бастау алатын шығар?

 

 

Команда – біртұтас ұжым, ең бастысы мақсаттары бір адамдар. 

 29 наурыз – біртұтас команда болып, бір мақсатқа жұмылған күн. Бұл үшін ерекше үлес қосқандар: бұрынғы Көңілді тапқырлар клубының мүшелері,  көктемнің осынау күнінде бәрімізге  шабыт сыйлаған Нұрсұлтан Рахимов пен Ершат Ерсінов.

 

 

Бұл күні суретке түстік, емен-жарқын әңгімелестік , телефон алмастық, жоспарларды талқыладық! Мұның бәрі келесі тимбилдингке дейін жақсы естелік ретінде ойымызда сақталады!

 

 

Бірақ ең бастысы — Shakarim University-дегі тимбилдингтің өзі — бұл жоғары деңгейдегі ұйымдастыру, әр қатысушыға деген құрмет және қарапайым көктемгі күнді күш-қуаттың, шабыт пен бірліктің, мерекенің көзіне айналдыру шеберлігі.

Мұнда жұмыс істей де біледі, өмір сүруді де біледі. Ортақ істі жүрегімен беріле атқаратын адамдарды бір арнаға жинауды да біледі. Келісесіз бе?