Министр оқу орнының №1 спорт кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен және №9 оқу ғимаратындағы жөндеу жұмыстарымен танысып, Инжиниринг орталығына, Shakarim Lab, Азық-түлік өнімдерінің физика-химиялық сараптама зертханасына, Құрт және ет жартылай фабрикаттарын өндіруге арналған оқу-өндірістік базасына арнайы барды.
Бағдарлама барысында министр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан спорт кешені мен оқу ғимаратындағы жұмыстарға тоқталып, орталықтардың материалдық-техникалық базасымен, заманауи зертханаларымен және студенттердің инженерлік жұмыстарымен танысты. Министр Huawei ICT дәрісханасында болып, университеттің цифрлық трансформация бағытында қолға алған жобаларымен, әсіресе «AI-SANA» бағдарламасы аясындағы университет жоспарына назар аударды. Саясат Нұрбек университеттегі IT инфрақұрылымның дамуын оң бағалап, бұл жобаның отандық жоғары оқу орындары үшін үлгі боларлық тәжірибе екенін ықыласпен жеткізді. Ол сондай-ақ «AI-SANA» бағдарламасының еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға және кадр даярлауға қосар үлесіне ерекше тоқталды.
Инжиниринг орталықта орын алып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары, соның ішінде жасыл энергетика, баламалы құрылыс материалдары және цифрлық технологиялар бағытындағы жобалар министрдің қызығушылығын тудырса, Shakarim Lab – ауыл шаруашылығы, экология және өнеркәсіп саласындағы заманауи талдау және зерттеу әдістеріне маманданған жетекші ғылыми-зерттеу орталығына айрықша көңіл бөлді.
Шәкәрім университетінің Инжиниринг және Shakarim Lab, Азық-түлік өнімдерінің физика-химиялық сараптама зертханасы, Құрт және ет жартылай фабрикаттарын өндіруге арналған оқу-өндірістік базасы – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қойған стратегиялық міндеттер аясында ғылым мен жоғары білімді жаңғырту бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы маңызды қадамдарының бірі. Зертханаларда микробиологиялық зерттеулер, азық-түлік өнімдеріндегі радиациялық фонды анықтау, сүттің сапасын зерттеу, патологоанатомиялық зерттеулер, өсімдік құрамының физика-химиялық құрамын анықтау сияқты бірқатар зерттеулердің жүргізілу әдістері мен зерттеуге қолданылатын заманауи құрал-жабдықтар таныстырылды. Ғылыми қызметкерлер әр зертхананың ерекшелігі мен оның мүмкіндіктері туралы толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар кездесу аясында зерттеу әдістерін жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сапар барысында министр орталықтарда іске асырылып жатқан ғылыми жобалармен, стартап-бағдарламалармен және студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған зертханалық құрал-жабдықтармен танысып, университет жастарының ғылыми әлеуетін жоғары бағалады.
Саясат Нұрбек орталық қызметкерлерімен және университет басшылығымен ашық әңгімелесу өткізіп, олардың бастамаларына қолдау білдіріп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, инженерлік білім беруде тәжірибеге бағытталған тәсілдерді енгізу қажет екенін айтты.
Сондай-ақ министр №1 суденттер үйін аралап, жатақхананың толық инфрақұрылымымен танысты. Олардың әрқайсысы студенттердің жайлы тұрмысы мен білім алуына мүмкіндік беретін кітапханалармен, заманауи талаптарға сай орындармен жабдықталған. Жатақхана құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де талап-тілегі ескерілген. Оның дизайны мен инфрақұрылымы кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына сай келеді. Ішінде коворкинг, оқу залдары, әр қабатта санитарлық бөлмелер, асханалар, бейнебақылау орнатылған.
Күн тәртібінде белгіленген жоспар бойынша министр заманауи үлгіде жабдықталған ЖасStar коворкинг орталығында Абай облысының жас ғалымдарымен кездесу өткізді. Ғылым мен инновацияға бейім, ізденімпаз жастармен еркін форматта пікір алмасты. Кездесу барысында министр елімізде ғылым-білімнің дамуы, жас зерттеушілерді толғандырып жүрген мәселелер, сондай-ақ ғылымды қаржыландыру, академиялық еркіндік, зерттеу инфрақұрылымын дамыту сияқты өзекті тақырыптарды қозғады. Жастар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық диалог алаңы қалыптасты.
«Бүгінгі жастар – ертеңгі ғылым көшбасшылары. Сол себепті біз сіздердің әр бастамаларыңызды назарға алып, нақты нәтижеге бағытталған жобаларды іске асыруда серіктес болуға дайынбыз. Ғылым – ел дамуының тірегі. Бұл жолда мемлекет барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерді ұсынып отыр. Ең бастысы – сіздердің белсенділіктеріңіз бен ынталарыңыз»,- деді министр.
Сонымен қатар, ол ғылыми гранттар жүйесін жетілдіру, жас ғалымдарға арналған жобаларды қаржыландыру, постдокторантура мүмкіндіктері, сондай-ақ өңірлік ғылыми орталықтарды дамыту бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Шара соңында министр Шәкәрім университеті ұжымына жаңа оқу жылында толағай табыс пен ғылыми жетістіктер тіледі.





