Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 наурыз 2025шәкәрім университеті

НАУРЫЗДА ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН СТУДЕНТТЕР АЙТЫСЫ

Shakarim University-де «Наурызнама» онкүндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай, еліміздің мәдени мұрасын дәріптеу және ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау мақсатында Физика-математика ғылымдары жоғары мектебі мен Филология жоғары мектебі  бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

 

Аталған мектептердің профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қазақтың салт-дәстүрлері кеңінен көрініс табатын  «Қыз ұзату» дәстүрін қойылым ретінде көрсетті.  Ғасырлар бойы мазмұнын жоғалтпаған бұл салт-дәстүрдің астарында қыз балаға деген құрмет, тектілік пен тазалық жататынын паш еткен көрініс ұлттық құндылықтарымызды барынша ұлықтап, келешек ұрпаққа аманаттаудың маңыздылығын ұғындырды.

 

Осындай маңызды іс-шаралардың бірі  «Ұлы күні Ұлыстың, Басы болсын ырыстың!» тақырыбымен өткізілген қалалық студенттер айтысы болды. 

Құттықтау сөзбен айтыс шымылдығын түрген университет ректоры Думан Орынбеков Шәкәрім университетінің сонау 90-жылдардан бастап өңірімізде айтыс өнерінің қара шаңырағына айналып, «Наркескен» айтыс ақындарының мектебі деген атпен (марқұм Сиязбек Сүлейменов жетекшілік еткен) күллі Қазақстанға танылғанын, сол мектептен   қаншама айтыскерлер түлеп ұшқанын атап өтті. «Бір өкініштісі,  университетіміздегі соңғы он  жылда айтыс ақындарының мектебі өз жұмысын тоқтатып, дәстүрлі студенттер айтысының өтпегеніне де жеті жылдың жүзі болған екен. Бүгін осы үзілістен кейін ұлттық өнеріміз – айтыспен қайта қауышпақпыз. Осынау қайта жаңғырған айтыс өнеріне,  жас ақындардың айтыс сахнасындағы алғашқы қадамдарына «Құтты болсын» айтайын деп келіп отырмын»- дей келіп, Думан Рымғалиұлы ақындарға сәттілік тіледі.

 

 

Ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан суырыпсалмалық сөз сайысында  қала оқу орындарының білім алушылары ғана емес, мектеп оқушылары да бақ сынады.

 

 

Қазақтың қанына сіңген бекзат өнерді қайта түлеткен сөз бәйгесінде Бас жүлдені   Шәкәрім университетінің 2 курс студенті Мирас Сламшайықұлы еншілесе, І орынды Әлихан Бөкейханов университетінің 4-курс студенті Мәди Семсерханұлы иеленді. ІІ орын  Шәкәрім университетінің 1-курс студенті Нұрай Тұрманбайқызына, ІІІ орын Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің 3-курс студенті Әділет Әділұлына бұйырды.

 

 

Қатысушылардың барлығы дипломдармен және ақшалай сыйлықпен  марапатталды.