Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі11 сәуір 2025зерттеуші

Постерлік баяндамалар: ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бүгін Шәкәрім университетінде Ғылым апталығы аясында дәстүрге айналған «Shakarim Е-Poster Event-2025» постерлік баяндамалар байқауы өтті. Магистранттар мен докторанттар арасында өткен ғылым бәйгесі екі бағытты: техникалық, ауылшаруашылығы ғылымдары бағыты және жаратылыстану, экономикалық, гуманитарлық ғылымдар бағытын қамтыды.  Байқауға жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып жатқан 28 жас зерттеуші қатысты.

 

 

Байқау магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметінің инновациялық жетістіктерін көрсету, ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін қорытындылау, ғылым мен білімнің интеграциясын дамыту, ЖОО кейінгі білім берудің білім алушыларын шығармашылық-ғылыми қызметке ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

 

 

Байқауға қатысушылар сараптамалық комиссия назарына ғылыми зерттеулерін ұсынып, тәжірибелерімен, инновациялық идеяларымен таныстырды. Олардың әрқайсысының ғылыми баяндамалары өз бағыты бойынша өзекті әрі жаңашыл болуымен ерекшеленді. Мысалы, металлургиялық өндірістердің қалдықтарынан түсті металдарды алу әдісін әзірлеу жобасы қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықтарды қайта өңдеу және олардан пайдалы материалдар алу бағытында үлкен қызығушылық тудырды. Ал, Еуропа қызыл сораңы (Salicornia europaea L.)  өсімдігінің химиялық құрамын зерттеу туралы баяндаманың жаңашылдығы сол – өсімдіктің химиялық құрамы елімізде алғаш рет зерттеліп отыр және зерттеу мәліметтері оның түрлі қолданбалы бағыттарда, соның ішінде космецевтика мен фармацевтикада  пайдалануға болатындығын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, термиялық және плазмалық әсерден кейін бериллий микроқұрылымының эволюциясы бойынша жүргізілген зерттеулер ғылыми қауымдастыққа жаңа технологиялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

 

 

Тәуелсіз қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды постерлік баяндаманың дизайны, автордың баяндаманы қорғау деңгейі,  тақырыптың өзектілігі мен ғылыми жаңалығы, алынған нәтижелердің ғылыми және практикалық маңыздылығы секілді критерийлер бойынша бағалап, нәтижесін 14 сәуір күні Ғылым апталығының жабылу салтанатында жариялайды. 

 

Жас ғалымдарды қолдау – университеттің басым бағыттарының бірі. Сондықтан, жас ғылыми кадрлардың өсуіне жағдай жасау, ғалымдарды даярлауда жаңа көзқарас қалыптастыру және өскелең ұрпақ арасында ғылымды кеңінен насихаттау қажет.