Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 наурыз 2025наурыз

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ – ОРТАЛЫҚ АЛАҢДА

КСРО «діни мейрам» деген желеумен 1926 жылы тыйым салып, аттай 62 жыл бой тойланбай қалған Наурыз мерекесінің халықпен қайта қауышқанына да биыл 37 жыл толыпты.  2009 жылы ЮНЕСКО адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізген Наурыз мейрамы – терең рухани-мәдени мәнге ие, жаңару мен жасампаздықтың бастауына айналған, қоғамның бірлігі мен ұлт ынтымағын нығайтатын ұлттық мереке. 

 

 

Төл Жаңа жылымыз төрге озған бұл күн еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде тойланатыны белгілі.  Халқымыздың ежелгі дәстүрлері мен құндылықтарына қайта оралудың символы болып саналатын мерекеге  Shakarim University де өз үлесін барынша қосып келеді. Оқу орнында «Наурызнама» тұжырымдамасына сай әр күні мәнді де мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлері, өнері мен ұлттық киімі, ұлттық ойындары ұлықталды. Жастарға ұлттық тәрбиенің негізі ретінде түсіндірілді. 

 

 

 Shakarim University бүгін де Семейдің Орталық алаңына он екі қанат ақшаңқан киіз үй тігіп, мерекенің ажарына ажар қосты.

«Шәкәрім ауылында» Абай дәстүрін жалғастырушы, қазақ халқының аса көрнекті ақыны, дана ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының қолжазбалары мен кітаптары, құнды құжаттар қойылып, сол арқылы оның өмірі мен рухани мұрасы жайлы мағлұматтар берілді. Бұл Шәкәрім қажының рухани мұрасын халыққа кеңінен таныстырудың, оның еңбектерін жаңғыртудың бір көрінісі болды. Сондай-ақ, халқымыздың бесік, күбі, асадал сияқты тұрмыстық бұйымдары, ХІХ ғасырда қолданылған ат әбзелдері мен кісе белбеу, оқшантай сынды сирек жәдігерлер, дәстүрлі зергерлік және қолөнер туындылары көпшіліктің назарына ұсынылып, келушілерге қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихы туралы терең ой салды.

 

 

Мерекеде  ән әуелеп, күмбірлеген күй төгіліп, салт-дәстүрлер көрсетіліп,  ұлттық ойындар ойнатылып, Наурыздың ұлылығын паш етті, ұлттық рухымызды қайта жаңғыртты.