Бүгін ректор Думан Орынбеков бастаған Shakarim University өкілдері Сиань көлік университетінің (Xi’an Jiaotong University) Ұлттық технологиялар трансферті (National Technology Transfer Center) орталығымен танысты. Жұмыс барысында екі жақты ынтымақтастық туралы алдын-ала келіссөздер жүргізіліп, келесі айда келісімшартқа қол қою жоспарланды.
Қытай тарапынан кездесуге Ұлттық технологиялар трансферті орталығының директоры Ван Вэнь, Вэйнань қалалық комитетінің мүшесі, Қытай Халық саяси кеңес беру комитетінің төрағасы Ли Чанье, Dingye Business and Trade Co., Ltd төрағасы Ма Дунцзы, Coastal Holding Group (Шэньчжэнь) компаниясының аға кеңесшісі және атқарушы директоры Чжу Цзинбо, стратегиялық даму жөніндегі директоры Хоу Инг, ал Қазақстан тарапынан Shakarim University ректоры Думан Орынбеков, интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай қатысты.
Ван Вэнь Сиань көлік университеті Ұлттық технологиялар трансферті орталығының технологияларын өнеркәсіпке және бизнес-процеске енгізу және коммерцияландыру тетіктерін ұсынды, сондай-ақ, қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық әлеуетіне назар аударды.
Shakarim University ректоры Думан Орынбеков университеттің стратегиялық даму бағыттарын, оның халықаралық білім беру кеңістігіндегі рөлі мен қытайлық серіктестермен жүзеге асырылып жатқан бастамаларын таныстырды. Әсіресе, Shakarim University-дің мақсатты таңдауы Қытайдың жетекші университеттерімен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталғанын атап өтті. Мәселен, 2024 жылы Northwest A&F университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын, ал бүгін бұл серіктестік жаңа деңгейге көтерілді: биылдан бастап қос дипломды магистратура бағдарламалары, тәжірибеден өту, бірлескен зерттеулер жүзеге асырылатын болады.
Ректор Думан Орынбековтің айтуынша, Шәкәрім университетінің Сиань көлік университеті Ұлттық технологиялар трансферті орталығымен жүргізген алдын-ала жұмысы өте өзекті, өйткені биылғы жылдың ақпан айының соңында Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев Сиань қаласындағы құрғақ порттағы көлік-логистика орталығының ашылуына телемост арқылы қатысқан болатын, онда Қытайдан Еуропаға баратын пойыздардың төрттен бір бөлігі қалыптасуда. Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасы «...Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуына жаңа серпін береді, сондай-ақ, Еуразиядағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтады» - деп, аталған жобадағы IT-шешімдердің маңызды рөлін атап өтті, бұл шешімдер «...бір-бірін толықтырып, біртұтас цифрлық экожүйе құруы керек». Қазақстан мен Қытай арасында келісілген келісімдерге сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін үш қазақстандық-қытайлық көлік-логистика терминалының ашылуы жоспарланған.
Сиань көлік университетінің Ұлттық технологиялар трансферті орталығындағы бүгінгі кездесу Shakarim University ынтымақтастығын кеңейту жолындағы тағы бір қадам ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық көлік-логистикалық бастамаларға неғұрлым терең интеграцияны қалыптастырудың негізгі бөлігі болды. Жаһандық экономикалық процестер логистика, цифрландыру және тұрақты даму саласында жаңа шешімдерді талап етеді, ал Shakarim University Қытаймен шекаралас өңірде орналасқандықтан, ғылым, технологиялар және нақты сектордың қиылысында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын хаб рөлін атқара алады.
Бұл бағыттағы ынтымақтастыққа ашылатын перспективалар логистика және технология трансферті саласындағы білім беру және зерттеу бағдарламаларын енгізуді қамтуы мүмкін. Shakarim University ұжымы интеллектуалды көлік жүйелері, цифрлық логистика, жүк тасымалдарын оңтайландыру, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту үшін инновациялық шешімдер жасау саласында кадрларды даярлау бойынша пәндерді кеңейтуді қолға алуы қажет.
Бірлескен зерттеу жобаларына келсек, Сиань көлік университетінің Ұлттық технологиялар трансферті орталығымен интеграция университетке логистикалық процестерді автоматтандыру, көлік маршруттарының экологиялық аспектілері, сауда тізбектері үшін тиімді ІТ-шешімдерді жасауға қатысты халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, өнеркәсіппен және нақты сектормен өзара әрекеттесу студенттерді практикалық біліммен қамтамасыз етуге, университеттің жаңа стратегиялық бағыттарын дамытуға инвестициялар тартуға жағдай жасайды. Шәкәрім университеті осы салада жоғары білікті мамандарды Жасанды интеллект және құрылыс жоғары мектебінде даярлайды (https://gsaic.faculty.shakarim.kz/ru).
Қорытындылай келе, Думан Орынбеков: «...бүгінгі таңда Shakarim University-де 60-тан астам серіктеспен келісімдер бар және Northwest A&F университетімен, Сиань көлік университетінің Ұлттық технологиялар трансферті орталығымен ынтымақтастықтың нығаюы университеттің аймақ экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін білім, технологиялар және инновациялар трансферті орталығына айналдыруды көздейді. Бұл өзгерістерге университеттің әрбір оқытушысы мен қызметкерінің көзқарасы өзгермейінше, қол жеткізу мүмкін емес. Ғылыми, білім алмасу, кәсіпкерлік экожүйені дамыту, озық технологияларды енгізу үшін ашылатын мүмкіндіктер, ең алдымен, университеттің трансформациясына жасалған қадам екенін түсіну қажет.
Қазақстан Президентінің және Үкіметінің қабылдаған стратегиялық шешімдерін жүзеге асыру біздің – инновациялық технологияларды енгізуге, өңірлерді дамытуға және тұрақты интеллектуалды экожүйені қалыптастыруға қабілетті мамандарды даярлайтындардың міндеті болып табылады. Бұл жауапкершілік кәсібилікті және өзгерістерге дайын болуды талап етеді. Сондықтан Шәкәрім университетіне қабылданған әрбір студент өзінің дипломы кәсіби салаға жол ашатын құжат болатынына сенімді болуы керек, ал түлектер таңдаған саласында сұранысқа ие мамандар болып шығады».
