Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі07 сәуір 2025ғылым күні

Shakarim University ректоры Думан Орынбековтің Ғылым күніне арналған құттықтауы

Құрметті әріптестер, жас ғалымдар, студенттер мен оқытушылар!

Сіздерді Қазақстандағы Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Бұл күн ғылым тақырыбында біз айналып өте алмайтын бір есіммен тікелей байланысты. Ол – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ол инфрақұрылым атымен жоқ ауыр заманда ғылыми мектепті, ғылыми доктринаны, ғылымның беделін қалыптастыра алды. Соғыс жылдарында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалын  Қазақ КСР Ғылым академиясына айналдыру үшін барын салып, соғыс болғандақтан өзге республикалардан  уақытша тұруға келген  ғалымдарды жинап, кадрларды өзі өсірген ғалым бес жыл бойы табандылықпен еңбектеніп, Мәскеуге өз бастамасының дұрыстығын дәләледеп, 1946 жылы 1 маусымда  Алматыда  Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылуына қол жеткізеді.

 

Қазақтың біртуар перзенті, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан алғашқы академик  Сәтбаев – қазақ ғылымын биікке көтерген тұлға. Оның мұрасын құрметтеу – тек есте сақтау емес, соған лайық болу.

 

 

Бүгінде Қазақстан Республикасының Ғылым күнін біз нақты іске асқан идеялармен қарсы алып отырмыз. Shakarim University-де басты ғылыми орталықтар – Агротехнопарк, Инжиниринг орталығы, Радиологиялық зерттеулер ғылыми орталығы нығаюда. Агробиозертхана нақты шешімдердің, экология мен практикалық тиімділіктің символы ретінде дамып келеді. Ғылыми қызметтердің коммерциялануы бойынша да жұмыстар белсенді жүруде.

 

Сәуір айы біз үшін барлық жағынан ерекше ай болмақ.

Біз осы айда:

Тамақ өнімдерінің физика-химиялық құрамын талдау зертханасын;

Құрылыс материалдары зертханасын;

Геотехникалық зертхананы;

Оқу-өндірістік цехты;

Жануарларға арналған груминг-салонды іске қосамыз.

 

Бұл – біздің жаңа кәсіпкерлік модельдің бір ғана бөлігі.

 

 

Бүгінде осыдан  10 жыл бұрын ойға да келмейтін нақты бастамалар  жүзеге асырылуда.  Өйткені ел өзгеруде. Өңір өзгеруде. Университет өзгеруде. Ең бастысы, жастар ғылымды енді абстрактілі ұғым емес, қоғамға пайдалы, қажетті, ықпалды болуға берілген мүмкіндік деп түсінеді.

 

Сәтбаев есімі – біз үшін бағдар. Ал оны құрметтеу – оның ісін батылдықпен, зерделілікпен, нақты прогреске қызмет ету арқылы жалғастыру.

 

 

Ғылым күні құтты болсын, әріптестер!   Ғылыми ізденістеріңіз жемісін беріп, шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер!