Құрметті әріптестер, ардақты студенттер!
4 маусым — Қазақстан халқы үшін аса маңызды күн. Бұл күні біз еліміздің басты нышандары – Ту, Елтаңба және Әнұранды құрметтейміз. Олар – Қазақстан Республикасы Конституциясымен бекітілген ресми атрибуттар ғана емес, сонымен қатар, біздің егемендігіміздің терең мәнін, ұлт рухыныңтәуелсіздігін және еліміздің даму жолын білдіретін биік құндылықтар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз – сан түрлі, бірақ біртұтас ұлтпыз. Бізді еркіндікке, бейбітшілік пен әділеттілікке деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Тудың түсінде, Елтаңбаның бейнесінде, Әнұранның әуенінде — біздің тарихи сабақтастығымыз, ұрпақтар даналығы мен ұлттық бірегейлігіміздің терең тамыры жатыр.
Шәкәрім университетінің әрбір студенті, оқытушысы, қызметкері үшін мемлекеттік рәміздер — еліміздің болашағына бағытталған ортақ ұмтылыстың символы. Бұл – біз оқып, еңбек етіп, шығармашылықпен айналысып отырған Отанымыз алдындағы жауапкершілігімізді еске салатын рухани бағдар.
Мемлекеттік рәміздердің үні, әсіресе, Абай мен Шәкәрім туған топырақта – ерекше мағынаға ие. Өйткені бұл өлкеде ар-ождан, қоғам алдындағы жауапкершілік, өткенге құрмет және болашаққа ұмтылыс – адамдық қадір-қасиеттің өзегіне айналған.
Абай облысының зияткерлік орталығы ретінде Шәкәрім университеті Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз білдіретін асыл мұраттарды нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Біз ұлтқа қызмет етуді ұлы мұрат санаған тұлғалардың жолын жалғап келе жатқан оқу ордасы ретінде, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу мен қастерлеуге, оны өскелең ұрпақтың жүрегіне сіңіруге үлкен жауапкершілікпен қараймыз.
Отанға деген мақтаныш сіздердің жүректеріңізде мәңгі орнықсын! Әрқайсымыз Жеңіс туын қолымызда ғана емес, ойымызда, ісімізде, арманымызда да биік ұстайтын болайық!
Көк байрағымыз әрдайым көгімізде желбіреп, Елтаңбамыз төрімізден түспей, Әнұранымыз әрбір жүректе жаңғырып, ұлт рухын асқақтата берсін!
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тұрақты, болашағымыз жарқын болғай!
Құрметпен, Думан Орынбеков